Нейрохирург: «Омыртқа жотасының дегенаративті аурулары «жасарып» барады»

Ақтөбе медицина орталығының І санатты нейрохирургі Руслан Қажғалиев бүгінгі күні ми ісігі, омыртқа жотасының дегенаративті аурулары «жасарып» бара жатқандығын айтады. Мәселен, бұрын ми ісігі 50-55 жастағы егде кісілер арасында көп кездессе, қазір жасы 35-тен жоғары азаматтар арасында жиі тіркеледі. Ал омыртқа жотасының дегенаративті ауруларымен 20-30 жастағы жастар көп ауырады.

— Медицинада бас ми ісіктерінің негізгі себебі әлі анықталған жоқ. Бұл орайда жорамалдар мен теориялар ғана бар. Мәселен, мида ісік қалай пайда болады десек, оған күйзеліс, экологияның нашарлығы, дұрыс ұйықтамау, иммунитеттің әлсіреуі, тағы басқа факторлар әсер етуі мүмкін. Ал бел, сегізкөздің ауыруы, жалпы омыртқа жарығының пайда болу себептеріне келсек, оған, алдымен, ауыр физикалық жүктеме  әсер етеді. Бұл аурумен қара жұмыс жасайтын адамдар көп ауырады. Сондай-ақ кеңседе қозғалыссыз көп отыратын, түрегеліп тұрып жұмыс істейтін, үнемі көлік жүргізетін адамдардың омыртқалары бірте-бірте зақымданып, нәтижесінде жарық пайда болады. Бұрын омыртқа жарығы әйелдерде көп кездесетін. Оның басты себебі әйел адамдардың арқа бұлшық еттері әлсіз болып келеді. Қазіргі таңда бұл ауру ер адамдар арасында көп. Оған себеп: ер адамдардың дені спортпен айналыспайды, арқаның бұлшық еттерін шынықтырмайды, бір сөзбен айтқанда, қозғалыс өте аз. Сондай-ақ бұған дұрыс тамақтанбау, қажетті дәрумендерді қабылдамау, уақытында демалмау, тағы басқа факторлар да кері әсерін тигізеді. Сондықтан дәрігер ретінде менің кеңесім: үнемі қозғалыста болыңыз! Спортпен шұғылданыңыз және дұрыс тамақтаныңыз, — дейді нейрохирург.

Өткен аптада Ақтөбе медициналық орталығының нейрохирургия бөлімінің мамандары бірнеше адамға ота жасады. Қазір науқастар дәрігерлердің қарауында, жағдайлары бірқалыпты.

— Нейронавигациялық жүйені қолдана отырып, мидағы ісікті алу үшін ота жасадық. Ісікті толық алып, зертханаға жібердік. Сондай-ақ кеше үшінші және төртінші бел омыртқасы аралығындағы жарықты эндоскопиялық әдіс арқылы алу операциясы жасалды. Яғни, дененің ауырған бөлігін бір сантиметр көлемінде кесіп, сол арқылы арнайы түтіктермен кіріп, белдегі нерв босатылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы, — дейді Р.Қажғалиев.

Руслан Қажғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе медициналық орталығындағы нейрохирургия бөлімі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл жерде күніне бірнеше адамға ота жасалады. Тұрғындар көп жағдайда орталыққа портал арқылы келеді. Нейрохирургия бөлімінде науқастарға арналған 30 кереует бар. Бүгінгі күні мұнда 28 науқас жатыр.

— Халыққа қолжетімді сапалы медицина қызметін қамтамасыз ету үшін соңғы жылдары өңірлерде жаңа салалар мен техно­­­логиялар енгізіліп, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде нейрохирургия саласы да бар. Бүгінгі күні облыста бұл сала барынша дамып келеді. Мәселен, Ақтөбе медициналық орталығы бұл тұрғыда заманауи талапқа сай құрылғылармен жабдықталған. Мұнда орташа және күрделі оталар жасауға арналған соңғы үлгідегі «Leica M530» микроскобы, жұлын, бас ми ісіктері үшін қолданатын арнайы ультракүлгінді аспирациялы диссектор аппараты, нейронавигациялық жүйе, сондай-ақ микрохирургиялық құрылғылар бар. Көп жағдайда бізге облыс тұрғындары портал арқылы келіп, тегін ота жасатады. Кей кездері өзге қалалардан келетін, сондай-ақ жеке өтініш білдіру арқылы ақылы ота жасататын науқастар да бар.

Жалпы біздің бөлімде бас ми ісігі, омыртқа жарақаттарына, жүйке жүйесі аурулары патологиясы және оның зақымдануы кезінде ота жасалады. Бөлімде жоғары санатты нейрохирург, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ержан Озғанов бастаған мамандар жұмыс істейді. Биыл біздің қатарымызға жас маман Аслан Дашкенов қосылды. Одан бөлек, Марат Оспанов атындағы медицина университетінде оқып жатқан екі резидент маманымыз бар, — дейді ол.

Нейрохирург қазіргі таңда науқастар арасында бас миының, жұлынның ісіктері, омыртқа жотасының дегенеративті аурулары, оның ішінде мойын, бел, сегізкөз аймақтарының жарығы жиі кездесетінін айтады. Қазір орталықта емделіп жатқан науқастардың дені дәл осы ауру түрлерімен ауырып жатқандар екен.

Руслан Қажғалиевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері нейрохирургия бөлімінде 30-дан астам ота жасалған. Оның 90 пайызы — жоспарлы оталар.

— Үш жылдан бері орталықта қан тамырларына байланысты оталарды өзім жасаймын. Сондықтан науқастардың жағдайына, диагноздың нақты қойылуына көп көңіл бөлемін. Бір күнде бірнеше ота жасайтын кездеріміз де болады. Тіпті, кейбір оталар 8-9 сағатқа дейін созылады. Қандай жағдай болса да біз, ақ халаттылар, әрдайым науқастарға көмектесуге дайынбыз.

Қазіргі таңда нейрохирургия бөлімінде нейронавигацияны қолдана отырып, күрделі оталар жасалып жатыр. Оның ішінде бас миының терең орналасқан ісіктерін алу, ми қан тамырларының аневризмасы кезіндегі рентгендік эндоваскулярлық эмболизациялау, артериовенозды мальформация кезінде қан тамырларды эмболизациялау, сондай-ақ бас ми қан тамырларының тарылуы кезінде стенд салу, тағы басқалар бар, — дейді ол.

Нейрохирургтің ота жасау кезіндегі әрбір қимылы, бір артық не кем жасаған әрекеті науқастың кейін толыққанды қимылдауына, жүріс-тұрысына, ойлау не сөйлеу қызметіне әсерін тигізуі мүмкін. Кейбір күрделі жағдайларда адам өмірі нейрохирургтің қолында болатыны сөзсіз. Сондықтан бұл жерде дәрігердің біліктілігі мен өз ісіне деген жауапкершілігі аса маңызды.

— Әлем күн сайын өзгеріп, дамып жатыр, бүгінгі жоғары технологиялар ертең қарапайым күнделікті әдіс болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер білі­мін шыңдап, жаңа технологияларды игеруге тиіс. Бұл тұрғыда біз, нейрохирургтер, жыл сайын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткізілетін арнайы курстарға барып қатысамыз. Сондай-ақ Ұлттық нейрохирургия орта­лығының мамандарымен тәжірибе алмасып, ба­рынша жоғары нәтиже көрсету үшін жұмыстанамыз. Белгілі нейрохирург, профессор Серік Ақшолақов бастаған орталық мамандарымен тығыз байланыстамыз, олардан кей кездері күрделі ота жасау кезінде кеңес алып тұрамыз. Тіпті, кейде науқастардың сұранысымен профессор ағамыздың өзі келіп, ота жасайтын сәттер де болады, — дейді Р.Қажғалиев.

Нейрохирургиямедицинаның ең күрделі салаларының бірі. Себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және қан тамырларының патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Ал бұл дәрігерден жоғары біліктілікті, нақ­­тылықты, жауапкершілікті талап ете­ді. Ақтөбе медицина орталығында 7 жылдан бері тұрғындарға күрделі ота жасап, қаншама жанның өміріне араша болып жүрген дәрігер ауырмаудың жалғыз жолы дұрыс тамақтану, жаяу жүру және спортпен шұғылдану екенін айтады.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«ozgeris.info».