Түркістан облысында із-түссіз жоғалған жігіт көршісінің үйінен табылды

 Мойынындағы көп қарызынан қорқып,  ата-анасына айтуға батылы жетпеген  жігіт көршісіне ескертпестен оның үйінде жасырынып жүрген. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өзінің 23 жастағы ұлының сағат 21:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.

Ата-анасы ұлын бір күн бойы іздеп, нәтиже болмаған соң полицияға хабарлаған.

«Тәртіп сақшылары бірден жоғалған ер азаматты іздеуге жұмылдырылды. Учаскелік полиция инспекторлары сол маңдағы барлық көше мен аулаларды мұқият қарап шығып, тұрғындардан сұрастырды» —  делінген хабарламада.

Екі күнге созылған жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ғайып болған жігіт көршісінің үйінен табылды. Тәртіп сақшылары анықтағандай, 23 жасар жігіттің жеке басында үлкен сомада қарызы болған. Ол жағдайды ата-анасына жеткізуге қорқып, көршісіне айтпастан оның үйінде тығылып жүрген. Бүгінде оқиғаның толық мәнжайы анықталып жатыр. Іздеуге ат салысқан полицейлерге ата-анасы алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Фото: Kazinform