Реактив адамдарға сыртқы жағдай қатты әсер етеді, ал проактив адамдардың іс- әрекетіне жан-жақты ойластырылған әрі бойға сіңген құндылықтар әсер етеді. Демек, реактив адамға сыртқы жағдай, айталық «ауа райы» әсер етуі мүмкін, ал проактив адамның өз ауа райы өз ішінде.
Сонымен қатар проактив болу үшін біздің қолымыздан келетін бірден-бір нәрсе – өз тілімізге көңіл бөлу және кінәні өзгеге аудара салатын реактив тілді емес, жауапкершілік алатын проактив тілді қолдану болмақ.
реактив тіл: ол мені мәжбүрледі. Менің болмыс-бітімім осындай. Еш нәрсе қолымнан келмейді. Егер қолымнан келсе ғой…
проактив тіл: өз өмірім өз қолымда. Өз реакциямды бақылай аламын. Таңдау құқығым бар. Менің қолымнан келеді.
Реактив адамдар көбіне ырқынан тыс, енді өзгерте алмайтын дүниелерге, айталық, өткен шаққа бас қатырады. «Дұрыс оқығанымда…», «Мына шаруамен жастайымнан айналысуым керек еді…» Содан барып құрбандық сезімі пайда болады. Иә, біз қателесуіміз мүмкін, бірақ проактивті адамдар қателігін өз-өзін ақтап алу үшін емес, сол қателіктен сабақ алу үшін пайдаланады.
Мәселен, реактив адамдардың ойы сан түрлі «болсадан» тұрады: үйім болса, жанашыр басшым болса, ғылыми дәрежем болса… мен бақытты болар едім.
Ал проактив адамдардың ойы “бола аламыннан” тұрады: мен төзімді бола аламын, парасатты бола аламын, сүйікті бола аламын… Кови «бола аламын» деу үшін мінез керек дейді.
Проактив болу үшін мынаны ұсынады: өзіңіздің де, өзгелердің де алдында шағын міндеттеме алыңыз және соны орындаңыз; Жазалаушы емес, жасампаз болыңыз; Сыншы емес, үлгі болыңыз; Проблема емес, оның шешімі болыңыз.
Қорыта айтсақ, проактив болу дегеніміз:
Біздің күшіміз өз жауабымызды өзіміз таңдайтын еркіміз бен қабілетімізде екенін білу; Бастамашыл болу; Өзіңе жауапкершілік алу;
Өмірде біз бақылай алатын және бақылай алмайтын дүниелер бар екенін ескеріп, бақылай алмайтынға құр бас қатырып, алаңдамай, ықпал ете алатын дүниелерге көбірек көңіл бөлу деген сөз.
ПІКІР ЖАЗУ