Америкалық медицина қауымдастығы жұмыртқаны шамадан тыс жеудің салдарын анықтады. Сарапшылар жұмыртқаның қауіптілігін анықтап, зерттеу деректерін жариялады. Олардың айтуынша, жұмыртқаны шамадан тыс әрі ретсіз жеу қан тамырларының бітелуіне, атеросклерозға, инсульт, тіпті өлімге әкеледі. Америкадағы Солтүстік-Батыс университетінің мамандары жүргізген зерттеу жұмысы бұл деректі мақұлдады.
Аптасына үш жұмыртқа жеу жүрек пен қан айналымының бұзылуына, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар адам күніне екі жұмыртқадан көп жеген кезде ағзада «жаман» холестерин деңгейі артады. Өйткені жұмыртқаның сарысында холестерин көп. Жұмыртқа бүйрек, бауыр және ұйқы безінің қызметіне де кері әсер етеді.
Зерттеу жұмысы қалай жүрді?
Ғылыми жұмыс барысында сарапшылар 29 мыңнан астам америкалықтарды таңдап, олардың денсаулығын егжей-тегжейлі зерттеді. Зерттеуге қатысушылардың орташа жасы 51,6 жасты құрады, олардың жағдайын 17,5 жыл бойы бақылаған. Зерттеуге жүрек ауруы жоқ адамдар қатысты.
Зерттеу қатысушылардың тамақтану әдебі мен денсаулығын талдауға негізделген. Сонымен қоса қатысушылардың темекі шегу және ішімдік ішу сияқты зиян әдеттері де мамандардың назарында болды.
Зерттеу барысында ғалымдар салауатты өмір салтын ұстанбай, жұмыртқаны көп мөлшерде тұтыну екі есе қауіпті екенін түсінді. Бұл жүрек бұлшықетіне теріс әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, тәулігіне 300 мг холестеринді қабылдау төмен тығыздықтағы липопротеиндердің деңгейін 0,15 ммоль/л-ге арттырады, бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін 3,2%-ға және өлім деңгейін 4,2%-ға арттырады.
Жұмыртқаны қалай тұтыну керек?
Диетологтар таңғы асқа күніне екі жұмыртқа жеу дұрыс деп санайды. Ал баланың жұмыртқаға аллергиясы болмаса, жұмыртқаның 2-3 данасын жей алады. Бұл жасушаның өсуіне пайдалы, мидың жұмысын жақсартып, шаш пен тырнақты нығайтады.
Жұмыртқа ағзаға зиянын тигізбес үшін, оны дұрыс таңдау керек.. Сапалы жұмыртқаларда сызаттар, кір (қауырсын, т.б.) және деформацияланған қабықшалар жоқ.
Әдетте әрбір жұмыртқада санаты мен сақтау мерзімін көрсететін белгі болады. Егер «D» әрпі көрсетілсе, бұл диеталық жұмыртқа және жарамдылығы жеті күннен аспайды. «С» санатты жұмыртқаны 25 күн ішінде пайдалануға болады.
Жұмыртқаның сапасын тексеру үшін оны шайқап көру керек. Егер гуілдеген дыбыс естілсе, демек жұмыртқа ескірген. Ал жұмыртқа өте жеңіл болса, онда ол кеуіп кеткен немесе шіріген болуы мүмкін.
Қырмызы Скендирова
ПІКІР ЖАЗУ