Стамбұлда болған жер сілкінісінен кемінде 151 адам жарақат алды, деп хабарлады қала губернаторының кеңсесі. Haberler басылымының жазуынша, адамдар үрейге бой алдырғаннан кейін биіктіктен секіріп жарақат алған деп хабарлайды Ozgeris.info
6,2 магнитудалы жер сілкінісі 23 сәуір күні түскі уақытта тіркелді. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, сілкіністер 13 секундқа созылған. Жер сілкінісінен кейінгі алғашқы үш сағат ішінде ғалымдар 51 афтершокты тіркеген.
«Төтенше жағдайлар орталығына 6100 қоңырау түсті. Олардың басым көпшілігі ақпараттық сипатта болды. Қаза тапқандар жоқ», – деп жазды министр X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Жарақат алғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, оларға қажетті ем көрсетілуде.
Билік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым бүлінбеген. Алайда Фатих ауданында бір ескі, бос тұрған ғимарат құлаған.
Кейбір тұрғындар үйлеріне оралуға қорқып, түнді далада өткізген. Біреулер шатырларда, ал енді біреулері көліктерінде ұйықтаған. Қала әкімдігі мешіттер түнде ашық болатынын ескертіп, кей тұрғындар сол жаққа барған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру