«180 миллион теңге»: ШҚО экология департаментінің басшысы пара алып жатқан жерінен ұсталды

Коллаж: Ulysmedia

Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің басшысы Мамай Бутабаев пара алғаны үшін ұсталды, — деп хабарлайды orda.kz сайтына сілтеме жасаған Ozgeris.info.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шығыс Қазақстан облысының бас экологы Мамай Бутабаевқа қатысты тергеу жұмыстарын бастады. 15 шілдеде ол уәде етілген 180 миллион теңгенің 10 миллион теңгесін алып жатқан жерінде ұсталды.

Бутабаев уақытша ұстау изоляторына жіберілді.

Айта кетейік, ведомствоның бұрынғы басшысы Данияр Әлиев те өткен жылдың желтоқсан айында тергеуге алынған. Осыдан бір ай бұрын оның орынбасары Рауан Тұраров жемқорлық фактісі бойынша ұсталған болатын.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жүйелі проблемаға айналып отыр, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы саладағы лауазымды тұлғалар арасындағы заң бұзушылықтарды тұрақты түрде анықтайды.