Өзін Қазақстанмен “жұбататын” Ресеймен жақындасу тым қауіпті – ЕАЭО жиынынан кейінгі саясаттанушы пікірі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразия экономикалық одағының форумында сөйлеген сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қолданушылардың басым бөлігі қатуланып сөйлеген президенттің батылдығын мақтаса, енді бір топ керісінше «ЕАЭО-ны тарату керек» деп жатыр десті. Шын мәнісінде Мемлекет басшысының сөзінің астарында не қандай астар жатыр? Өзгеріс,инфо

Президент өз сөзінде Ресей мен Беларусь интеграциясына және ЕАЭО-ның өзге мүшелері арасындағы қарым-қатынастың айырмашылығына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей мен Беларусь одағы «екі ел – бір мемлекет» деген формулаға негізделген.

«Біз ескеруге тиіс концептуалды шындық немесе ерекшелік бар. Бұл – Еуразия экономикалық одағы аясындағы Ресей мен Беларусь одағы. Яғни әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды – саяси, заңнамалық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір, біртұтас одақ үкіметі мен біртұтас одақ парламенті бар «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Кешіріңіз, тіпті қазір ядролық қаруы да екеуге — біреу”,—деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ЕАЭО-ның қалған елдерінің позициясы бөлек.
«Бірақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения интеграцияның басқа деңгейінде тұр. Осы шындықпен санасуымыз керек. Осындай жағдайда қалай жұмыс істейміз. Бұл – концептуал мәселе. Менің ойымша, осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек» деді ол.
Арада бір күн өткенде Беларусь президенті “екі елге ортақ ядролық қару” жайына меңзеп, бұл сөзді акустиканың нашарлығынан дұрыстап ести алмағанын айтты. Айтуынша, ядролық қарудың Беларусь жеріне орналастырылатынын Тоқаев сөйлеп жатқан кезде оған Путин жеткізген.

“ЫҚПАЛДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ”

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, президенттің Мәскеудегі мәлімдемесінің саяси салмағы басым болған. Сондықтан да ол мұндай батыл мәлімдеменің жасалуы тегін емес деген пікірде.

«Мен Ресеймен жақындасу Қазақстан үшін тым қауіпті деп есептеймін. Олар біз күткен үмітті ақтамайды. Бірақ бүгінгі таңда Ресейдің дәуірі өтіп бара жатқан секілді. Сондықтан бұрынғыдай Ресей бізге қысым жасай алмайды деп есептеймін. Нақтырақ айтсам, территориялық тұтастығымызға зиянын тигізетіндей қауқары қалмаған секілді. Еліміздегі қандай да бір шешімдерге ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұрынғыдай азу тісін көрсете алмайтыны белгілі бола бастады.

Президенттің форумда Ресей мен Белорусьты салыстыруы тегін емес. Себебі, Белоруссияның жағдайы бізбен салыстырғанда мүлде бөлек. Өйткені екі ел одақтас мемлекет болып саналады. Мұның арты Путиннің Совет үкіметін қалпына келтіремін деген ойына апаруы мүмкін. Ал Совет үкіметін жаңаша құру біз үшін өте-мөте қауіпті. Бүгінгі таңда бодандықтың дәмін татпаған жаңа ұрпақ өсіп, жетілді. Сондықтан да Қазақстан Ресейдің қазіргі таңда жағдайының мүшкіл екенін есепке алып, әрі АҚШ пен Еуропа одағының ықпалын тиімді пайдаланып, көрші елдің айдауына көнбеуіміз керек», – дейді ол.

КРЕМЛЬДІҢ “ЖҰБАНЫШЫ”

Саясаттанушының «Ресейдің ықпалы азайды» деген сөзі қаншалықты орынды? Мысалы мамыр айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге бір емес, екі рет барды.
Әзімбай Ғалидан “Бұл біздің солтүстік көршіге тәуелділігіміздің белгісі емес пе?” деп сұрадық.

«Иә, бұл біздің Ресейге тәуелділігіміздің белгісі болуы мүмкін. Бірақ Тоқаев Ресейге жартылай бағынышты болып, жартылай егемендікті сақтағысы келеді. Бірақ түптің түбінде Қазақ елі Ресейге бағынбауы керек. Себебі әу баста айтқанымдай Ресейдің қауқары бұрынғыдай қуатты емес. Оның үстіне біздің мемлекетке басқа мемлекеттерден төнетін сыртқы қауіп-қатер жоқ.

Ал Тоқаевтың Ресейге жиі баратына келсек, бұл жерде мемлекет басшысы баланс сақтап отыр. Президент Қытайдан қауіптеніп, Өзбекстанның да шамасын біліп отыр. Сондай-ақ түркі мемлекеттерінің ішінде әскери қуаты жоғары Түркия Қазақстаннан тым алыста жатыр. Бұдан бөлек Украинаға көмек қолын созып жатқан АҚШ пен Еуропа елдері Қазақстанға тіпті алыс. Осындай жағдайда Тоқаев Ресейді алдай тұрып, баланс сақтап отыруға мәжбүр», – деді саясаттанушы.

Бұған дейін Әзімбай Ғали «Ресейді Путиннің басқара бергені дұрыс. Себебі Ресейдің түбінен Путин жетеді» деген болатын.

“Бұл болжам Украинадағы соғыста шындыққа айналды ма?” деп сұрадық.

«Бұл ішкі түйсік арқылы сезу болатын. Қазіргі таңда Ресейде Путиннің абыройы төмендеп бара жатыр. Жалпы Ресей демократиялық ел болмаса да, онда белгілі бір деңгейде халықтың пікіріне құлақ асады. Сондықтан орыстың империялық пиғылын қоздыру үшін Кремль «әйтеуір, бір олжамыз бар. Міне Қазақстанды өзімізге жіпсіз байлап қойдық» деп өз халқын алдауы мүмкін.
Өйткені Ресей мен Украина арасындағы соғыс бір жарым жылға жуықтады. Қазіргі таңда жұрттың бәрі «бұл соғыстың соңы немен аяқталады?» деп мазасы қашып отыр. Украинада 43 миллион халық бар. Оның үстіне аталған елге Америкадан бастап Батыс елдері секілді қуатты мемлекеттер қару-жарақ беріп жатыр. Сондықтан да өздерін әлемдегі екінші армия санайтын Ресейдің Украинаға шамасы келмей жатыр. Кейде мен Путин орыс халқының наразылығын басу үшін «Украинаны бағындыра алмадық. Бірақ Қазақстанды өзімізге қаратып алдық» деп өзінің элитасы мен халқының империялық пиғылын баса ма деп алдаңдаймын», – дейді саясаттанушы.

Серік Жолдасбай,

«Адырна» ұлттық порталы