23 маусым күні Петропавл қаласында «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасының аясында кездесу өтті.
Кездесуге Петропавл қаласының жастары, белсенділер және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара спикерлері , «Равная дорога» автомектебінің директоры, Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған алғашқы автомектептің негізін қалаушы, «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшесі — Сәлімхан Сабитов және қоғам белсендісі қалалық мәслихат депутаты Владимир Витченко болды.
Сәбит мырза кездесу қатысушыларына өз қызығушылығыңды, хоббиіңді, сүйікті ісіңді, күнделікті жасайтын шаруаңды қалай кәсіп етуге болатындығын, сонымен қатар құлықсыздықтан, жалқаулықтан, құлшыныс, талпыныс жоқтықтан қалай арылуға болатындығын айтты.
«Адам әуелі бұл өмірдегі өзінің миссиясын, өзін, өз ісін табуы қажет. Ол немен шұғылданғанды ұнататынын, не нәрсе оған шабыт беретінін, қандай іс жасағанда жұмыс жасап жатқанын емес, демалып жатқанын ұғуы қажет. Сол арқылы өзінің ісін тауып, табыс табуға жол ашатын құлыптың кілтін жасауы қажет. Мәселен, бір адам тамақ пісіруді, енді бірі аңға шыққанды, ал басқа бір адам жай қыдырғанды ұнатуы мүмкін. Жақсы көретін істен де табыс көзін жасап алуға болады. Тамақ пісіріп сат, аңға шығуға қажетті заттарды жалға бер, қыдыруға арналған турлар ұйымдастыр. Міне, көрдіңіз бе, кәсіптің негізі – жақсы көріп жасауда жатыр» деді Сәлімхан мырза өз сөзінде.
Сонымен қатар шараға қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де қатысып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздықпен күресуге қатысты жасалып жатқан осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Мәслихат депутаты Владимир Витченко жастарға қоғамда белсенді болуға шақырды:
«Қоғамдық шаралардан көбіне жастар қашқақтап, қатысқысы келмей, түк пайдасы жоқ деп ойлайды. Алайда айтпағым, кез келген осындай шаралар қоғам үшін жасалатындықтан, қоғамның бөлшегі ретінде мына – біз қашан да біз үшін ұйымдастырылып жатқан дүниелерден қашпауымыз керек. Белсенді болып, өз пікірімізді білдіруден, ойымызды жеткізуден, діттеген идеямызды іске асырудан, кедергілерге қарамастан ойлағанымызды іске асырудан қорықпауымыз қажет. Ал сондай үрейді сейілтеуге бүгінгі өткен шара секілді жігерлі кездесулер көмектеседі» деп қосты ол.
Кездесу барысында жиналған жастар спикерлерге түрлі сұрақтар қойып, өз ойларымен, тың идеяларымен, ойға алған бастамаларымен бөлісіп, кеңес алды.
ПІКІР ЖАЗУ