«Жылына 2 мың адам қаза табады»: Тозығы жеткен кәсіпорындар техногендік қауіп төндіріп отыр

Фото: ria.ru

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Азаматтық қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қандай өзгерістер енгізу керектігін айтып берді.

«Соңғы жылдары елдегі негізгі өнеркәсіптік нысандардың 50 пайызы ескірген. Тау-кен кәсіпорындарының 60 пайызы тозған. Қазір дабыл қағатын уақыт келді. Соңғы 10 жылда өндірістегі түрлі жазатайым оқиғалардан 16 мың адам зардап шекті. Ауғанстан соғысы кезінде 14 мың адам жарақат алған. Қазақстанда 10 жылдан бері техногендік соғыс жүріп жатқандай әсер қалдырады. Жыл сайын елімізде 2 мың адам қаза табады», – деді Ерлан Саиров Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, кезінде ірі өнеркәсіптік нысандарға иелік еткен ірі инвесторлар кәсіпорындарға қаржы құюға құлықсыз.

«Біздің зауыттар 1930-1950 жылдары салынған. Содан бері жаңартылған жоқ. Өнеркәсіптік нысандар жылына тек 9 пайызға ғана жаңартылады. Ал тозу деңгейі – 60 пайыз. Бұл ел үшін техногендік қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан осы заң аясында өнеркәсіптік нысандарды үнемі жаңғыртуға мүмкіндік беретін механизмдерді енгізу қажет. Егер ірі зауыттардың бірінде экологиялық апат болса, бұл адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан біздің өндірістер тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттің міндеттемелері бойынша да жаңартылуы керек», – деді депутат.

Ерлан Саиров бұл мәселенің өзектілігін тағы да атап өтіп, оны заңнамалық тұрғыда реттеу қажеттігін айтты.