Жыл басында мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңгені құрады

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімге шаққанда 22,8 пайызды құрады. Бұл туралы Мәжілісте 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін баяндаған Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.

«Есепті жылы (2023 жылы) бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6%. Бюджет тапшылығы ішкі көздер есебінен қаржыландырылды», — деді Д. Темірбеков.

Оның айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 22,8 пайызды құрады. Оның ішінде Үкіметтің борышы жалпы ішкі өнімге қарағанда 20,9% немесе 24,9 трлн теңгені құрады.

«Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімге 50 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленген. Қазіргі кезде Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген межеде тұр. 2024-2028 жылдарға арналған болжамдар мемлекеттік борыш көрсетілген жылдары лимиттен аспайтынын және жалпы ішкі өнімге 25%, ал үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімге шаққанда 21% деңгейінде болатынын көрсетіп отыр», — деді вице-министр.