Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) қазір өте күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Саланың ішкі проблемалары, қаржылық тәуелділік, кадр тапшылығы мен мемлекеттік тапсырысқа тәуелділік бұл өз алдына шешілмеген түйткілдер. Енді осының үстіне мемлекет тарапынан жаңа салықтық міндеттемелер енгізілсе, отандық журналистика толық дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
БАҚ-тағы қазіргі жағдай: мемлекетке қарап қалған сала
Қазақстандағы көптеген бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе өңірлік деңгейдегі, мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Коммерциялық жарнама нарығы дамымағандықтан, көптеген редакциялар тек әкімдік немесе мемлекеттік мекемелер арқылы бөлінетін қаражатқа күнелтіп отыр. Бұл туралы «Қазақстандағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс» атты зерттеу авторы Меруерт Сыздықбекова жазған. «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен жасалған зерттеуде 2016 жылдан 2020 жылға дейін «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу» бабы бойынша жыл сайын 41,7-47,1 миллиард теңге шамасында қаражат жұмсалғаны айтылған.
Көптеген өңірлік редакцияларда журналистердің жалақысы 150–200 мың теңге аралығында. Жаңалықтар бөлімінде жұмыс істейтін мамандар көбіне көп саланы қатар алып жүреді: журналист, оператор, монтажер, SMM-маман – бәрі бір адам. Жеке медиажобалар өз күнін әрең көріп отыр.
Мемлекеттік тапсырыс сенімсіздік туғызатын идеология ғана емес, сондай-ақ жемқорлықтың да ошағы. Қазіргі БАҚ жемқорлықпен күрестің алдыңғы шебінде болуы тиіс, алайда сол жемқорлықты қалыптастырып, тамырын тереңдетуіне жол ашып отыр.
Бұл туралы белгілі журналист Мирас Нұрмұханбетов айтты. Ол «Әділ сөз» баспасөз қорғау қоры командасымен бірге қазақстандық журналистиканың қазіргі жағдайын анимациялық фильмдер мен карикатуралар арқылы көрсетуге тырысып жүр.
«Мемлекеттік тапсырыс сөз бостандығын шектеудің, цензура жасаудың өзінше бір құралына айналған. БАҚ-тар бір-бірімен адал бәсекеге түсудің орнына, бюджет қаржысын «үлестіруге» араласып, проблемалық тақырыптарды жаза алмайды. Қоғамда ащы тақырыпты көтерсе, келесі жылы мемлекеттік тапсырыстан қағылуы мүмкін деген «жүйе» қалыптасып қалған. Мұндай жағдайда тәуелсіз журналистика және еркін ой айту мүмкіндігі туралы айтудың да қажеті жоқ», — деп пікір білдірді журналист.
Журналист мемлекеттік тапсырысты мүлде алып тастауға болатынын жеткізді, сондай-ақ қазіргі журналистиканың форматын өзгерту керек дейді сарапшы.
«Нақтырақ айтқанда, көлеңкелі тапсырысты ашық әрі әділ гранттық конкурсқа айналдыру қажет. Гранттар нақты тақырыптар бойынша бөлінуі тиіс: мысалы, экология, мәдениет, азаматтық құқықтар секілді салаларға. Мұндай тәжірибе кейбір мемлекеттік органдарда бар. Өз кезегінде аталмыш өзгерістер БАҚ құралдарына өзекті әрі пайдалы жобалар арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл жүйе барынша ашық болуы тиіс, ал байқау комиссиялары қоғамдық негізде құрылуы керек», — деп ұсынды журналист.
Ras aitamyn телеграм-арнасының мәліметінше, 2020 жылдың наурызынан бастап, яғни пандемия басталған уақыттан бері аймақ және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктері өздерінің «пиары» үшін бюджеттен ондаған миллиард теңге жұмсаған. Яғни салық төлеушілердің ақшасын билік өздерін жағымды жағынан көрсетуге шашқан. Мысалы, Маңғыстау облысының әкімдігі өңірді жайлаған бұрын-соңды болмаған қуаңшылық салдарын «сәтті» еңсеру туралы материалдарға ондаған миллион теңге бөлген. Ал Алматы өңірінің басшысы Ерболат Досаев әлеуметтік желілерді бақылау және жағымсыз пікірлерді өшіру үшін 260 миллион теңге жұмсаған. Бұл туралы Санжар Бокаев «Гиперборей» арнасына берген сұқбатында айтты.
Мирас Нұрмұханбетовтің пікірінше, қазіргі қазақстандық журналистика ең қиын кезеңін бастан өткеріп жатыр.
«Бұл бір-екі жылда пайда болған жоқ, соңғы он бес жыл бойы жалғасып келе жатқан тұрақты жағдай. Иә, 2000 жылдардың орта тұсында да оңай болған жоқ, дегенмен ол кезде тәуелсіз басылымдар мен интернет-сайттар анағұрлым көп еді», — дейді маман.
Соңғы жылдары халықаралық сөз бостандығы рейтингтерінде біршама алға жылжығанымыз байқалғанымен, бұл тек формалды түрде. Себебі елде жабатын да, қудалайтын да ақпарат құралдары жоқтың қасы. Билік тіпті сатиралық мазмұндағы басылымдарды да жазалаудың жолын тапқан. Оған жақында соты өткен Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс дәлел бола алады.
Журналистің айтуынша, қазіргі басты мәселе — журналистиканың билікке ықпалы қалмады. Керісінше, билік журналистиканы бақылауына алды. Қоғам мүлде шет қалған. Біреулер елде өзіміздің «Навальный» секілді батыл азаматтардың жоқтығына наразы болса, енді біреулер билікке қатысты кез келген сыни мақалалар «тапсырыспен жазылған» деп қабылдайды, үшіншілері мүлдем бейтарап қалып отыр. Қазір журналистика әлеуметтік желілерге көшіп кеткен. Алайда бұл кеңістікте жалған ақпарат пен тапсырыспен жазылған материалдардың үлесі де аз емес екенін естен шығармаған жөн.
«Бізге ресми және қоғамдық деңгейде журналистиканың халықаралық анықтамасына сүйену қажет. Яғни, журналист – бұл ақпарат пен білім таратушы ғана емес, сонымен қатар оқырманды ойлануға, сараптауға итермелейтін тұлға. Билік дәл осындай журналистерді қабылдай алмайды», — деді журналист.
Осындай ахуалдағы салаға жаңа салық салу тынысы тарылып отырған кәсіби журналистиканың «күретамырын» кескенмен бірдей.
Қандай салықтар туралы сөз болып отыр?
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұқаралық ақпарат құралдарын қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатуға қарсы. Еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары жалпы белгіленген 16% мөлшерлеме бойынша ҚҚС төлеуге міндетті болмақ.
«Қазіргі уақытта БАҚ үшін ҚҚС мөлшерлемесі 16% болады деп белгіленген. Бұл салаға қатысты ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Біз ҚҚС төлеу бойынша тіркелу шегін 40 млн теңге деңгейінде қалдыруды қолдадық. Егер бұл сомадан аспасаңыз – ҚҚС төлемейсіз. Меніңше, бұл – жалғыз дұрыс шешім», – деп мәлімдеді министр.
Бұған дейін Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин БАҚ-ты ҚҚС-тан босату туралы ұсыныстың жобаны талқылау кезінде болғанын, алайда Мәжіліске енгізілген Салық кодексінің жобасында бұл норма жоқ екенін түсіндірген еді.
«Талқылау барысында ондай ұсыныс болды. Бірақ кодекс жобасына енгізілген жоқ. Енді Мәжіліс алаңында қаралады», – деді Азамат Әмрин.
Айта кетейік, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бүгін үкіметтің компромистік шешімі ретінде ҚҚС тіркеу шегін 40 млн теңге көлемінде белгілеуді ұсынғанын хабарлады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлік ашу тәртібін қатаңдату, жоғары табысы бар азаматтар үшін табыс салығын көтеру және арнайы салық режимдерінің санын жетіден үшке дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Жаңа Салық кодексін талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы құжат дәл осы бағытта қабылданса, онда еліміздегі БАҚ-қа түсетін салықтың салмағы арта түсетіндігіне алаңдаушылық танытты.
«Бүгінде әлемде ақпараттық соғыстар қалай жүріп жатқанын білеміз. Барлық мемлекеттер ақпараттық кеңістікте өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысуда. Егер БАҚ үшін ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін көтерілсе, бұл отандық медианың өз азаматтарымызға қажетті жобаларды жасау мүмкіндігін шектейді, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Соның салдарынан шетелдік БАҚ отандық нарықты жаулап алады. Шетелдік жобалар, халқымызға еш пайда әкелмейтін контент, күні-түні теледидар, радио мен интернет арқылы таралуы мүмкін. Бұл – өте үлкен қауіп», – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның пікірінше, бұл өзгерістен ең алдымен өңірлік БАҚ пен журналистер зардап шегеді. Сонымен қатар ол облыстық, аудандық, қалалық газет-журналдарының қызметкерлері мардымсыз айлыққа әрең күнін көріп отырғанына назар аудартты.
«Егер оларға салынатын ҚҚС 16 пайызға жетсе, онда көбісі жабылып тынады. Аймақтар тиісті ақпарат құралынсыз, журналистер жұмыссыз қалады. Сондықтан екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі – отандық газет-журналдарға ҚҚС-ті алып тастау, яғни 0 пайыз қылу. Екіншісі – елімізде ресми тіркелген отандық телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарға ҚҚС-ті 10 пайыз деңгейінде қалдыру», — деді Нартай Аралбайұлы.
Сауалға жауап берген Ұлттық экономика министрі БАҚ-қа 16 пайыз ҚҚС қалатындығын айтты.
«Қазір оларға ешқандай жеңілдіктер көзделмеген. Әрбір БАҚ-тың жылдық тауар айналымына байланысты болады. Біз ҚҚС-тың шекті мәнін 40 млн теңге деп қолдадық. 40 млн-нан асса, арнаулы салық режиміне ілікпесе, онда ҚҚС төлейді. Ол ақиқатты дүние деп санаймын. Шетелдік БАҚ келсе, онда олар да салық төлейді. Сол себепті әрбір БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігі оның берген ақпаратта азаматтардың қызығушылығын тудыруына, сапасына байланысты болады. Оны дұрыс деп есептеймін. Оларды журнал, газет, интернет, радио деп бөлу дұрыс емес деп есептейміз — деді Серік Жұманғарин.
Сарапшылар мен депутаттардың пікірінше, мұндай өзгерістер әсіресе шағын редакцияларға ауыр соғады. Себебі оларда табыс аз, шығын көп, ал қосымша салық тікелей жабылуға апаратын фактор.
Неліктен бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі?
Сарапшылардың болжамы бойынша, жүздеген редакция жабылуы мүмкін. Қазірдің өзінде әр өңірде 5–10 шақты ғана БАҚ күн көріп отыр. Салықтық жүктеме артса, көпшілігі өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады. Салдарынан тәуелсіз және сапалы контент азаяды. Журналистика табыс емес, миссия болып қалса да, күнкөріске мүмкіндік болмаса, кәсіби мамандар басқа салаға кетуге мәжбүр болады.
Отандық басылымдарға жабылған есек — шетелдік БАҚ-тың нарыққа кіруіне жол ашады. Өз медиа кеңістігімізді жоғалтсақ, қоғам шетелдік платформалардан (YouTube, Telegram, TikTok) ғана ақпарат алады. Олардың идеологиялық, мәдени, саяси бағдарын ешкім қадағаламайды деп дабыл қағуда сарапшылар.
Ақпараттық тәуелсіздік — ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Журналистикасыз қоғамда билік пен халық арасындағы көпір бұзылады. БАҚ-тың азаюынан пікір алуандығы жойылуы, сынның тоқтауы, ал бұл өз кезегінде жемқорлық пен әділетсіздіктің артуына жол ашады.
БАҚ-тың әлсіздігі сыртқы ойыншылардың күшеюіне жағдай жасауы мүмкін. Шетелдік медиаресурстар еркін түрде қоғамға әсер етіп, жастардың көзқарасын, мәдениетін, тіпті саяси ұстанымын да өзгерте алады. Бұл — ұзақмерзімді қауіп.
Қазір ел журналистикасының болашағы қыл үстінде тұр деп айтуға негіз бар. Жаңа салықтық талаптар арқылы бұл саланы «маргинал» күйге түсіру — ұлттық мүддеге қайшы әрекет. Журналистика жай бизнес емес, ол — қоғамның жүрегі, елдің санасы. Оны тұншықтыру емес, қорғау қажет. Сол үшін нақты саяси ерік пен ашық диалог қажет.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру