Қазақстанда жұмыс жоқ. Қоғамда осындай қалыптасқан пікір бар. Бірі жұмыс жоқ, жалақы төмен деп сылтау іздеп жүргенде, басқалары қолда бардан мүмкіндік жасап, табыс тауып отыр. Қазақстан мигранттар үшін қолайлы ортаға айналды. Бұл тұста сарапшылардың ойына жүгінгеніміз дұрыс болады. Ал сандар не дейді? Зерттеп көрейік.
Соңғы 30 жылда Қазақстандағы миграцияны карантинге дейін және карантиннен кейін деп екіге бөлуге болады. Карантин және 2022 жылғы Ресейдің Украинаға соғысы еліміздегі миграция сальдосын біршама өзгертті.
Статистика бойынша, 2024 жылдың алғашқы он айында Қазақстанға келгендердің үлесі 20 383 адам. Ол 2023 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көп. Соңғы кездері Қазақстанға келушілердің басым бөлігі Ресейлік релоканттар. Олар әдетте ұзақ қалмайды, алты ай көлемінде қоныстанып, әрі қарай тағы басқа елдерге қоныс аударады. Келушілердің екінші бөлігі, ол Қытай және Шығыс Азия елдерінен келеді. Оларды жеке туристер қатарына енгіземіз, олар көбінде білім алу мақсатында көшеді. Дегенмен елден қоныс аударғандар саны аз. Мысалы 2024 жылы 10 мың адам кетсе, 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 19%-ға аз.
Яғни, Қазақстан шетел азаматтарын қызықтырып отырған елге айналып отыр деген сөз. Елде жұмыс жоқ болса, шетелдіктерді қалайша қызықтырып отырмыз?
Саясаттанушының пікірінше, әлемде изоляционистік жүйе қалыптасып отыр. Яғни Америка және Еуропа елдері мигранттар үшін талаптарды қатаңдатты. Сол себепті шетелдіктер үшін Қазақстан қолайлы орта.
«Америка және Еуропаға білім қуып баратын жастар енді Қазақстанда оқуға қызығушылық таныта бастады. Себебі соңғы екі жылда елімізде 19 шетелдік университеттің филиалдары ашылған. Ал отандастарымыздың тарапынан көңіл толмаушылық – қалыпты жағдай. Бұл тек бізде байқалатын құбылыс емес. Әлемнің кез келген елінде өз жеріне, еліне көңілі толмайтын азаматтардың үлесі бар. Осындай азаматтардың санаты қандай жағдай болмасын, өз әлеуетін, мүмкіндігін шетелде сынап көргісі келеді. Ал халықтың арасындағы «жұмыс жоқ, жағдай жоқ» деген пікір ол 2010 жылдан бастап қалыптасқан стереотип. Түсінуге де болады, аталмыш топ аз уақытта, көп ақша тапқысы келеді. Жүргізілген сауалнамалардың нәтижесі көрсеткендей, расымен де шетелде жүріп тез ақша табатындар бар. Алайда оның кем тұстары жоқ емес. Шетелде күн көру үшін аянбай жұмыс істеу керек. Егер бір апта жұмыс күні болса, әр сағатыңды босқа өткізуге болмайды. Бұл капиталистік қоғамның көрінісі», — дейді Нұрболат Нышанбаев саясаттанушы, сарапшы.
Ал Қазақстан экономикалық әлеуеті жоғары, бәсекеге қабілеті бар мемлекетке айналып жатыр дейді маман. Сонымен қатар жұмыс визасын алу да оңай. Шетелдіктер осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғысы келеді. Әсіресе соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптар алынып тасталған соң, Қытай кәсіпкерлерінің де үлесі артып отыр. Олар біздің елде серіктестер іздеп, өз компанияларын ашуда.
Еңбек нарығындағы қаншама орынды Өзбекстан азаматтары алып отыр дейді журналист Оңғар Қабден. Құрылыс саласын да толықтай өзбек азаматтары жаулап алған. Жалақымыз миллион емес деп, мұрындарын шүйірмейді. Тапқан-таянғанын Өзбекстанның экономикасына құйып жатыр.
«Солардың бәрі бар жалақысын Өзбекстандағы отбасына жіберіп жатқанына сенімім кәміл. Ал олар болса, сол арқылы өзбекстандық нарықты көркейтіп жатыр», — дейді Оңғар Қабден.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың басында елімізде Өзбекстанның 196,8 мың азаматы еңбек еткен. Осы жылдың басында өзбек азаматтарының саны 322,7 мыңға дейін артқан. Салыстырмалы түрде Түркия мен Ресей мемлекеттері де мигранттар үшін қолайлы елдер болып табылады. Дегенмен статистика басқаша сөйлеп тұр. Түркияда осы кезеңде өзбектердің саны 119,8 мыңнан 88,7 мыңға дейін қысқарған. Ал көрші Ресейде 2024 жылдың басында 1,2 миллионнан астам өзбекстандық болса, 2025 жылдың басында олардың саны 698 мыңға дейін азайыпты.
Отандастарымыз үшін жұмыс табылмай жатқанда, 300 мың өзбек біздің елде не істеп жүр?
Осында нәпақасын тауып отырғандықтан жүр. Соңғы кезде орта нарықтағы жұмыс орындарында басқа елдің азаматтарын көп байқаймыз. Ал, біз мұндай мемлекеттің мойнына масылдық психологиядан арылуымыз керек. Жалақым 300 мыңнан аз, 500 мыңнан аз, мен мұндай жағдайға келіспеймін, одан да жұмыссыз отырып, өтемақы алғаным, мемлекеттен көмек алғаным жақсы деген қазақтарға өзбектерді мысалға келтірсең талап жейді.
«Осылай жалғаса берсе, ертең біздің еңбек нарығын Орталық Азияның басқа елдерінен келген азаматтар жаулап алады. Жұмыс жоқтың көкесін сонда көреміз. Англияға кұлпынай теруге елдің бәрі бара бермес», — деп пікір білдірді Оңғар Қабден.
«Мәселе жұмыстың жоғында емес. Халықтың көзқарасына, түсінігіне байланысты. Біз ыңғайлы, жайлы орынды іздейміз. Ал басқалар қолда барды алып, содан мүмкіндіктер жасайды. Қазақстандықтар идеалды шарттар мен жалақы, мінсіз бастықты қалайды. Біз күтіп жүргенде, мигранттар біздің мүмкіндіктерімізді пайдаланып, өз табыстарына айналдырып отыр. Қазақстан мүмкіндіктері мол ел. Өкінішке орай бұл мүмкіндіктерді ел азаматтары емес, өзгелер қағып алды», — деді тәуелсіз журналист Кирилл Павлов.
Саясаттанушының ойынша, Өзбекстан азаматтарының Қазақстан жерінде жұмыс істеуін бірнеше кезеңге бөлуге болады. Екі елдің басшылары ауысқаннан кейін, екі арада байланыс жаңарды. Ал 2022 жылы соғыс басталғаннан кейін миллиондаған өзбек азаматтары Ресейден Қазақстанға және Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр болды.
«Ал құрылыс саласын Өзбек азаматтары толтырып жатыр деп айту негізсіз деп ойлаймын. Себебі құрылыс саласы қазір жеке нарық ретінде жақсы дамып жатыр. Қазақстан компанияларында Өзбекстан, Қырғызстан, Монғол елдерінің құрылысшылары ресми жұмыс жасайды. Біз үшін де, мигранттар үшін де тиімді. Ал Қазақстандықтар бұл жұмысты менсінбейді деу де стереотип. Нарықта сұраныс пен ұсыныс анықталады. Сондықтан барлығы ұсынылатын бағаға байланысты», — дейді маман.
Қазақстанға қарағанда, Өзбекстанда соңғы 30 жылда үлкен тап қалыптасқан. 18-ге толғаннан кейін ер азаматтар өз елінде болашағын көрмесе, міндетті түрде шетелге барып жұмыс жасайды. Олар үшін ер азаматтардың 10-20 жыл елден тыс өлкеде жұмыс жасауы қалыптасқан дәстүр. Өз кезегінде аталмыш үрдіс Өзбекстанның ішкі экономикасын шешуге оң әсерін тигізуде. Реммитанс деген ұғым бар. Яғни, шетелдегі азаматтардың өз еліне аударатын ақшасы. Мысалы Өзбекстан азаматтары жылына қаншама миллион доллар аударып отыр. Түскен қаражат ел экономикасына түсіп жатыр. Өзбекстан билігі үшін де өз азаматтарының саяси белсенді, еңбекке жарамдылары елде емес, сыртта жүруі белгілі бір тұрақтылықты қалыптастырып отыр дейді маман.
«Себебі жұмыс сұрап, мәселені көтеріп алаңға шығатын азаматтардың шетелде жүргені Үкімет үшін тиімді деп ойлаймын. Өзбекстан мемлекеті Орталық Азия бойынша 35 миллион халқы бар және туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан өзбек мигранттары бүкіл әлемде арта береді. Өзбекстаннан бөлек, Армения, Израиль, Азербайжан елінің азаматтары да өз еліне қарағанда, шетелде жүргендері көбірек», — дейді Нұрболат Нышанбаев.
Бұрын еңбек нарығы жүйеленбеген болды, яғни «жабайы экономика» десек болады. Азаматтар салық төлемей, екеу ара келісім арқылы жұмыс жасады. Қазір еліміз бұл деңгейден өтті. Қазір барлығы реттелген. Өз кезегінде Өзбекстан азаматтарының құрылыс немесе басқа да салада Қазақстанда еңбек етуі салық тұрғысынан экономикаға тиімді.
Қорытындылай келе, алдағы жылдары елімізге шетелден келетін азаматтардың сана тек арта бермек. Оларды негізгі бағыттарда қарастыруға болады. Біріншісі – білім, медицина, мәдениет саласы болса, екіншісі – туристер. Олардың үлесі аз болғанымен, туристер тұрақты келушілер қатарында болып қала береді.
ПІКІР ЖАЗУ