«Жігіттермен танысқанда «мен Албанмын» деген»: Жүнісова қызына шындықты айтуға түрткі болған себепті атады

Фото: Massaget.kz

Халық әртісі Мақпал Жүнісова қызы Мерейдің асырап алынғаны туралы шындықты қашан және қалай айтқанын алғаш рет ашық түрде мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Өнер иесінің айтуынша, жұбайы Заманбек Нұрқаділовтің көзі тірісінде ол қызына бұл шындықты өзі айтуға уәде берген.

«Зәкең өзі көзінің тірісінде айтқан, “Мерей он сегізге келгенде өзім айтамын” деді. Бірақ бұл қыз он сегізге толды, мен айта алмадым, он тоғызға толды, айта алмадым. Жиырма жасында айттым ғой деймін», – дейді әнші.

Мақпал Жүнісова бұл шешімді қабылдауына тұрмыстық жағдайлар әсер еткенін де атап өтті. Оның сөзінше, Мерей есейіп, жеке өмірінде танысу кезеңдерін бастан өткергенде, руларын сұрау секілді әдеттер кездескен.

«Мерей “мен албанмын” деп айтыпты. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді, өйткені ол – қаракесектің қызы, арғын», – дейді әнші.

Сондықтан да әнші қызының болашағы үшін шындықты айту маңызды екенін түсінгенін жеткізді.

«Бұл өз тегін, руын білсін деп шындықты айтуым керек болды», – деді халық әртісі.