Мамыр айындағы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің — 78 жылдығы қарсаңында Жетісу аудандық «Шыңға өрлеу» клубында «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тақырыпта іс – шара өтті.
Іс – шараның басты қонақтары – Ұлы Отан Соғысы ардагері, 3 дәрежелі Отан Соғысы орденінің кавалері, Ерлігі үшін, Ерен еңбегі үшін медальдарының иегері – Илья Григорьевич Кудин мен Ауған соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз орденінің кавалері , Ерен еңбегі үшін медалінің иегері – Әскербай Әлиасқарұлы Әлпейісов.
Қонақтар клуб тәлім алушыларына соғыстағы әскери іс- әрекеттерін, олардың маңызы мен нәтижесін, соғыста опат болған достарының ерліктерін балалардың қабылдауына лайықтап әңгімелеп берді. Өздеріне қойылған балаң сауалдарға да жауаптарын берді. Жеткіншектерімізге бейбіт өмірдің қадір- қасиетін ұғындырды. Отанының адал ұл-қыздары, қорғаушылары болуға, елінің болашағына қызмет етуге шақырды.
Терең білім меңгеру қажеттігін, мамандық таңдаудың маңыздылығын, армия қатарында әскери борыш өтеу міндеттілігін, денсаулықты нығайту қажеттілігін түсіндірді.
Клуб тәлім алушылары қонақтарын үлкен ықыласпен тыңдап, ұстаз-тәлімгерлерімен бірлесіп дайындаған концерттік номерлерін тарту етті.
Балалар халықтың рухани қазынасына айналған әскери тақырыптағы тарихи әндерді қонақтармен қоса шырқап шат-шадыман болды. Жаттаған өлеңдерін көркем мәнермен кезектесе қазақ-орыс тілдерінде оқыды. Қонақтар жеткіншектерге алғысын айтып, әлі де байланыстарын үзбейтінін мәлімдеді.
Гүлнар Десенқұлова
Алматы қаласы Жетісу аудандық «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы меңгерушісі.
Жарайсыңдар, кездесуді ұйымдастырушылар. Ардагерге зор денсаулық және ұзақ өмір тілеймін!
Өте керемет, осындай топтар көп болсын)
Оте жаксы, балаларга унайды.