«Жерден қол шығып тұрған»: Жетісайда ауыл тұрғындары қылмыскерден қорқып, сыртқа шығуға жасқанады

Фото: pixabay.com

8 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы үйлердің бірінің ауласынан жалаңаш күйінде әйел адамның денесі табылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ORDA порталына сілтеп.

Кейін бұл марқұм — осы ауылдың тұрғыны, 38 жастағы Айгерім Ажикеева екені анықталды. Кісі өліміне күдікті ретінде көршісі ұсталды. Алайда марқұмның туыстары қанды қылмысқа бір адам ғана қатыспағанына сенімді.

Туыстарының сөзінше, Айгерім 20 қаңтарда үйінен шығып, дүкеніне тауар алуға кеткен. Содан бері байланысқа шықпаған. Алғаш алаңдаған анасы — Мейрамгүл Бердалиева.

«Жүрегім жамандықты сезді — бірден іздеуге кірістім. Айгерім ешқашан ескертусіз кетпейтін. Сол кезде-ақ көршісінен күдіктендік — ол бұған дейін екі мәрте адам өлтіргені үшін сотталған. Полиция шақырып, үйіне де бардық. Бірақ ол еш алаңсыз “ештеңеден хабарым жоқ” деді. Ертеңінде — жоғалып кетті», — дейді ауыл тұрғыны.

Екі аптадан кейін күдіктінің туысы полицияға хабарласып, олардың ауласындағы жерден адам қолы шығып тұрғанын айтқан. Тергеушілер шөппен жабылған шұңқырды тапты — бұрын сол жерде жылқы байлаулы тұрған. Дәл сол жерде Айгерімнің денесі табылған. Ол толық жалаңаш күйде, азаптау мен жыныстық зорлық белгілерімен көмілген.

«Тістері қатты қысылған, бетін тану мүмкін емес — ісіп кеткен. Құлағынан қан кеткен, қолдары тілінген, арқасы көгеріп кеткен. Қызымды жай өлтірмеген — оны азаптап, зорлаған. Үстінде киімнің бір бөлігі де болмаған», — дейді анасы.

Сол күні, мәйіт табылған сәтте, жоғалып кеткен көрші ауылға қайта оралған. Өзі келіп, кінәсін мойындаған. Алайда марқұмның туыстары қылмысты жалғыз істемегеніне сенімді.