Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы матчында Кардифф қаласында Уэльс пен Қазақстан құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл J тобына түскен Қазақстанның қазақстандық маман Әли Әлиевтің басшылығымен өткен ресми беташар ойыны еді.
Ә.Әлиев бұл жолы мына футболшыларға сенім артты: Александр Заруцкий, Нұралы Әліп, Марат Быстров, Александр Марочкин, Ян Вороговский, Еркін Тапалов, Серікжан Мужиков, Асхат Тағыберген, Максим Самородов, Ислам Чесноков, Айбар Жақсылықов.
Ресейлік маман Станислав Черчесов жаттықтырған тұста Қазақстан құрамасы алты матчта бірде-бір гол соға алмай, пұшайман болған еді.
Крейг Беллами жаттықтыратын Уэльс сапында Карл Дарлоу, Джо Родон, Бен Дэвис, Коннор Робертс, Неко Уильямс, Джошуа Шихэн, Сорба Томас, Дэвид Брукс, Дэниэл Джеймс, Бреннан Джонсон, Лиам Каллен жасыл алаңға шықты.
Өз тарихында екі рет әлем чемпионатында өнер көрсеткен Уэльстің фаворит саналуы заңды еді.
Бірінші таймда 9-минутта қазақстандықтардың қателігін пайдаланған Дэниэл Джеймс есеп ашты. Есесіне 29-минутта И.Чесноков тепкен доп К.Роберстің қолына тиіп, пенальти белгіленді. А.Тағыберген бұл мүмкіндікті пайдаланып, таразы басын теңестірді – 1:1.
Екінші таймда қарсыласымыз бұрыштамадан гол салып алға шықты. Ойынның соңғы минуттарында қақпамызға тағы бір гол кіріп, есеп 3:1 аяқталды.
ПІКІР ЖАЗУ