Биыл жазда қазақстандықтар қабырғасында тарақандар жүретін, тозған вагондарға отыруды армандап, билет таппай қиналды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлады «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оның айтуынша, жазда қоғамда темір жол жолаушылары тасымалына қатысты шағым көбейеді.
Жылда қайталанатын жағдай. Темір жол жолаушылар тасымалының сапасы сын көтермейді. Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі – кеңес заманының мұрасы. Жыл сайын вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көптеген уәде бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқын сақталмайды, — деді Бейсенбаев премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
ИИДМ мәліметінше, бүгінде жылжымалы теміржол құрамының паркі – 138 мың бірлік, орташа тозу көрсеткіші – 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Алайда бұл жұмыстың қарқыны өте төмен. Оған жыл сайын қазақстандықтардың тозған вагондарға отыруды армандап, билет таппай қиналуы дәлел.
Кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жазда билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Жаз бойы халықтың жанайқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік. Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз, — деді депутат.
Оның пікірінше, негізгі туристік маршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға стратегиялық жоспар қажет.
«Билет тапшылығымен қатар, билеттің қымбат екенін көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражат бөлінуіне қарамастан болып отыр», — деді ол.
Елнұр Бейсенбаев пойыздардың жиі кешігетінін де атап өтті.
Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағатқа кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі. Өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды — деді депутат.
ИИДМ мәліметіне сүйенсек, тек биыл 11-17 тамыз аралығында жолаушылар пойыздардың 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 дерегі тіркелген.
«Сондай-ақ аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екенінің түсініксіз болуы. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі «Ресей темір жолдары» мемлекеттік компаниясымен жалға алынған. Еліміздің аумағындағы стратегиялық салада шетелдік оператор неге жұмыс істеп жатыр?» — деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат мәселеге Үкімет басшысының араласуын сұрады.
Әлихан Асханұлы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан, саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келетін емес. Сондықтан депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұраймыз, — деп түйіндеді ол сөзін.
ПІКІР ЖАЗУ