Жастар жұмыссыздығы-жасырын қауіп: Өтірік статистиканың артында не жатыр?

Фото: ozgeris.info

Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі бірқатар кедей елдерден де жоғары. Алайда ресми берілетін статистикада жұмыссыздар саны азайған-мыс. Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері жалған сандарды сөйлетуді доғаруды талап ете бастады, тереңірек үңілген сайын әлі де алаңдататын сұрақтардың жетіп артылатынын көруге болады. Ozgeris.info тілшісі ресми статистиканың артында не жатқанын зерттеп көрді.

2024 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша, еліміздегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады, яғни шамамен 448,3 мың адам еңбек нарығында жұмыс таба алмаған. Ал 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 3,3%-ға тең. Бұл ресми статистикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.  Алайда, бұл көрсеткіштер ел ішіндегі шынайы жағдайды толық бейнелемейді. Әлем бойынша Қазақстан әлдеқайда ақсап тұр.

Қазақстан жұмыссыздар саны бойынша көшбасшы

Мысалы биыл Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде тіркелген жұмыссыздар саны бойынша көш бастады.

2025 жылдың ақпан айының соңында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) мәліметінше, Қазақстанда жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелген жұмыссыздар саны шамамен 333,1 мың адамға жеткен. Бұл елдегі жалпы жұмыс күші санының 3,5 пайызы.

Бұл көрсеткіш ЕАЭО елдері арасындағы ең жоғарысы болып отыр. Бұл ретте Ресейде – 283 мың адам (0,4%), Қырғызстанда – 48,4 мың адам (1,7%), Арменияда – 37,1 мың адам (2,8%), Беларусьте – 3,3 мың адам (0,1%).

Одақ елдері бойынша барлығы 704,9 мың жұмыссыз тіркелген, бұл жұмыс күшінің 0,8 пайызына тең.

Осы деректерге қарап, жұмыссыздық мәселесі ең күрделі ел Қазақстан деген ой туындауы мүмкін. Статистика тек ресми тіркелген жұмыссыздарды көрсеткен, яғни жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына жүгінген адамдар.

Толық реалийді көру үшін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) стандарттары бойынша есептелетін жұмыссыздық деңгейін қарастыру қажет. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, Ресейде – 2,3%, Беларусь – 3%, Қырғызстанда – 4,1%, Арменияда – 12,9%.

Яғни нақты жұмыссыздық деңгейі тек тіркелген жұмыссыздарды ғана емес, жұмыс істемейтін өзге азаматтарды да қамтитын көрсеткіш барлық елдерде әлдеқайда жоғары. Бірақ Қазақстанда ресми тіркелгендер мен нақты жұмыссыздық деңгейі арасындағы айырмашылық – ең төменгі деңгейде.

Сарапшылардың пікірінше, аталмыш сандар халықты жұмыспен қамту жүйесінің жақсы жолға қойылғанын білдіреді. Яғни азаматтар орталықтарға жүгініп, көмек алу мүмкіндігін пайдаланады екен.

Дегенмен, жұмыссыздықтың 4,6%-дық деңгейі әлемдік өлшем бойынша жоғары көрсеткіш саналады. Себебі бұл Африканың кейбір кедей елдерінен де жоғары болып шықты.

Жалпы алғанда, 15 жастан асқан және табысты жұмысы жоқ, белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген әрі жақын уақытта жұмысқа шығуға дайын азаматтар саны 448 мыңнан асқан. Алайда Қазақстандағы нақты жұмыссыздар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі бұл көрсеткіш Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) әдістемесі бойынша есептеледі және ол көптеген азаматтарды қамтымайды.

Соған қарамастан, бұл көрсеткіштің өзі Қазақстанды әлемнің көптеген елінен жоғары қойып отыр. Trading Economics талдау порталының рейтингіне сәйкес, Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша 182 елдің ішінде 75-орынға жайғасқан.

Қазақстан бұл ретте тек дамыған Батыс елдерінен ғана емес (Ұлыбритания – 4,4%, АҚШ – 4%, Жапония – 2,4%), сонымен қатар кедей Африка елдерінен де артта қалып отыр. Мысалы Нигерия – 4,3%, Гамбия – 4,1%, Чад – 1%, Нигер – 0,5%.

Қазақстанның көршілері арасында жұмыссыздық деңгейі әлдеқайда жақсы. Түрікменстан – 4,19%, Молдова – 3,6%, Ресей – 2,3%, Қырғызстан – 1,9%. Бұл тізімде Беларусь мемлекеті ерекше көзге түседі. Себебі бұл ел Катармен бірге жұмыссыздық деңгейі бойынша ең төмен көрсеткішпен бірінші орынға шыққан.

Көрсеткіші Қазақстанмен бірдей жоғары деңгейде тіркелген елдер де бар. Әзербайжан – 5,6%, Өзбекстан – 6,8%, Тәжікстан – 6,9%, Украина – 10,5%, Армения – 13,3%, Грузия – 14,2%. Аталған рейтингте жұмыссыздық бойынша көш бастап тұрған – Оңтүстік Африка, онда бұл көрсеткіш – 31,9%.

Айта кету керек, бұл рейтингте тек ресми жұмыссыздық көрсеткіштері пайдаланылған. Сарапшылардың пікірінше, ХЕҰ әдістемесі әр елді әртүрлі қолданылады, тіпті қолданылмауы да мүмкін. Сол себепті статистикалық қателіктер болуы ықтимал.

NEET жастардың үлесі — жасырын қауіп

Елдегі әрбір он бесінші жас адам не оқымайды, не жұмыс істемейді, не кәсіби даярлықтан өтпейді екен.

«NEET санатына жататын (жұмыс істемейтін және оқымайтын жастардың үлесі %-дық көрсеткішпен жалпы жастардың санына шаққанда) 15-34 жас аралығындағы жастардың үлесі 2024 жылдың III тоқсанында 6,4%-ды (345,5 мың адам) құрады. 2023 жылы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 7,1%-ға (381,7 мың адам) тең болды», — делінген Ұлттық статистика бюросының мәліметінде.

Анықтама үшін: NEET-жастар (Not in Education, Employment or Training)

Яғни бұл топтың саны әлі де едәуір жоғары. NEET-жастардың көп болуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болашағына қауіп төндіреді дейді сарапшылар. Бұл жастардың болашақта табыс табу мүмкіндігін азайтады, әлеуметтік шиеленісті күшейтеді және кедейлік деңгейін ұлғайтуы мүмкін. Олармен де нақтылы жұмыс істеліп жатқан жоқ.

NEET феноменінің пайда болуының негізгі себептерін анықтауда әр елдің әлеуметтанушылары әр түрлі пікір айтады. Дамыған елдерде жастардың мұндай санатының пайда болу себебін әлеуметтік қолдаудың жоғары деңгейі дейді. Жәрдемақы алған жастардың жұмыс істеуге ынтасы болмайды. Дамушы елдерде NEET-тің көпшілігі білім ала алмай, лайықты жұмыс таба алмаған аз қамтылған отбасылардан шыққан. Көбіне олар қоғамның бір бөлігінің маргиналдануына әкелетін девиантты мінез-құлыққа ойысады.

Жастар жұмыссыздығының төмендеуі бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі болуы мүмкін. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұлттық жобалар» сынды бастамалар арқылы мыңдаған жас адам алғашқы еңбек тәжірибесін алуда. Алайда бұл тек уақытша нәтиже деп дабыл қағуда қоғам белсенділері. Көптеген жас маман уақытша жұмыс орындарынан кейін тұрақты жұмыспен қамтылмаған күйде қалып отыр. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі жастардың мүмкіндіктері қалалықтарға қарағанда әлдеқайда шектеулі.

Мысалы Гүлмира Мұхаметова есімді желі қолданушысы дипломы мен сертификаттары барына қарамастан әлі жұмыс  таба алмай жүргеніне наразы.

«Астана қаласында мамандығым бойынша жұмыс іздедім. Олар 3-6 жыл еңбек өтілін талап етеді. Басқа жерге, аспазшы, еден жуушы болып орналасқың келсе, басыңа шығып алады. Бір адамға үш адамның жұмысын іліп қояды. Ал төлейтіндері мардымсыз ақша. Қарапайым жұмысқа орналсық келсе де ешқайсысы стандартқа сай келмейді. Ал дипломмен тіпті біздің елде тұра алмайсың», — деп жазды ол. 

Ал Қайсар Қайратұлы есімді азамат жастарды қолдаймыз деп ауызбен құр уәде естуден шаршадық дейді.

«Айтуға оңай, жұмысқа тұратын болсаң құл сияқты жұмсаулары дұрыс емес. Бізді осылайша қинау орынсыз. Керісінше, жұмысқа келген жас маманды қолдап, тапсырмаларды жеңілдетіп, олардың әрі қарай өсіп-өнуіне жағдай жасау керек деп ойлаймын», — деді ол. 

Қазақстанда 1 миллионға жуық жас жұмыссыз 

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы билікке өтірік статистика беруді тоқтатуды талап етті. Оның айтуынша, Қазақстанда 1 миллионға жуық жас жұмыссыз.

«Өтірік статистиканы доғару керек! «Жастар практикасы» бойынша төленетін жалақыны өсіру керек. Жастардың кәсіп бастауына берілетін несие бюжет тапшылығынан тоқтап қалған. Қайта жалғастыру керек», — деді ол.

Депутаттың сөзінше, «Жастар практикасы» бойынша 1 жыл жұмыс істеген жастар кейін бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Ол бұл шешімді қайта қарау керек екенін де жеткізді.

«Дәмхана, мейрамханада қосымша жұмыс істеген жастар мен «Жасыл елде» қызмет еткен жастар «Жастар практикасына» қатыса алмайды. «Зейнетақы жарнасы төленген» дейді. Мұны қайта қарау керек! ҚР ІІМ «Қазақстандағы қылмыстың әрбір үшіншісін жұмыссыз жастар жасайды» (дейді — еск.). Үлкен проблема. Жастар ресурстық орталығына әкімдіктің әңгіртаяқ ойнатуын тоқтату керек!» — деді ол.

Мәжіліс депутаты ЖОО түлектерінің 30 пайызы бірден жұмыс таба алмайтынын да тілге тиек етті. Салалық министрліктердің бұл проблемамен күресудің орнына бір реттік грант, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, жастар практикасы деген науқандық шараларды ұйымдастыратындарын жеткізді.

«Жастар елдегі жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын ескеріп, Үкімет оларды тұрақты жұмыспен қамтып, лайықты жалақымен қамтамасыз еткенде, қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп, ақша тауып жүрмес еді. Америкаға барып, нан табудың, жан бағудың тәсілін іздемес еді», — деді мәжілісмен.

Мысалы Досжан Қызыр есімді азамат Англияға нәпақа іздеп кеткен. Осылайша қалып қойыпты.

«Фермаға жұмыс іздеп келгенмін. Солай қалып қойдым. Негізгі мамандығым тарих пәні мұғалімі. Қазір Лондонда құрылыс саласында жұмыс істеймін. Елге оралатын жоспарым жоқ», — деп жауап берді ол біздің сұрағымызға.

Тағы бір Айғаным Дәрубаева есімді жас қыз да Англияға кеткеніне бір жылдан асты. Ол да жақсы өмір іздеп кеткендердің бірі.

«Мен Алматыда тұрдым. Екі қонақ үй желісінде әкімшілік қызметте кезек-кезек күн демей, түн демей жұмыс істедім. Жеке өміріме уақыт қалмайтын. Шаршап, басқа салаға ауысуды ойлағанмын, бірақ жалақысы төмен болды. Қиын жұмыс кестесіне қарамастан ақша үшін қала бердім. Кейін Англияға кетуге түскен мүмкіндікті жібермей, алты айға кеттім. Содан бір жылдан асып кетті.  Лондонға үйреніп қалдым», — деп жауап берді. 

Бұл ретте мәжілісмен Теміртауда өткен отырыста бірнеше мәселенің бетін ашып, өз ұсыныстарымен бөлісті.

  1. Жастардың жұмыссыздығы туралы өтірік статистиканы құрту;
  2. Үкіметтің 1193 қаулысына өзгеріс енгізу;
  3. Жұмыс берушілерге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу;
  4. «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту;
  5. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасу кезінде «Жасыл ел» сынды маусымдық жұмыстардан немесе қызмет көрсету саласындағы жұмыстардан түскен зейнетақы қорын есепке алмау;
  6. Микрокредит беру мәселелері – 2024 жылы ҚР Қаржы министрлігінің қаржыландыру шешілмеуіне байланысты жастарға микрокредит берілген жоқ. Осы жобаны жандандыру;
  7. Кепілдік талабы – микрокредит алу үшін міндетті кепілдің болуы көптеген жастар үшін қиындық тудырады, әсіресе ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік кепіл ретінде жарамсыз болуы мүмкін. Осы мәселені шешу;
  8. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау;

«Жастардың жұмыссыздығына билік бас ауыртуы керек», — деп басып айтты Нартай Сәрсенғалиев. 

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та  жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми көрсеткіштері шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Ол NEET жастарының үлесі 6,7% екенін және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 25% құрайтынын айтты.

«25-29 жас аралығындағы жастардың 12%-ының тұрақты жұмысы жоқ және жоғары білімді жастардың 40%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді», — деп атап өтті сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Неліктен статистика шындықты толық көрсетпейді?

Біріншіден, көптеген жастар жұмысқа ресми орналаспайды. Сәйкесінше, олар зейнетақы жарналары мен салық төлемейді, сондықтан ресми статистикада ескерілмейді.

Екіншіден, жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби дайындықтан өтпеген жастардың саны өте жоғары. Бұл санаттағы жастар ресми жұмыссыздар ретінде тіркелмегендіктен, статистикада көрінбейді.

Үшіншіден, жастардың тағы бір бөлігі шетелге жұмыс істеуге кетеді, бұл да ішкі жұмыссыздық көрсеткіштерін төмендетеді.  Елден кетіп жатқандардың көбі – жоғары білімді, өз саласында тәжірибесі бар мамандар мен алдыңғы қатарлы жастар. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросының зерттеуіне сәйкес, елден көшуді қалайтын азаматтардың 24,5%-ы – жоғары жалақы үшін, 23,9%-ы – өздері мен балалары үшін елде болашақ көрмейтінін айтқан. Бұл ең жиі кездесетін себептердің бірі. Қазақстандағы экономикалық теңсіздік пен инфляция жағдайында жастардың қаржылай тұрақты болуға деген ұмтылысы түсінікті жағдай.

Бұл мәселелердің қоғамда талқыланып жүргеніне бірнеше жылдар болды. Алайда халық өзгерістердің орын алатынына сенбейді. Олардың пікірінше, айтылған сөз сол жерде қалып, іс жүзінде ешнәрсе өзгермейді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік төлем рәсімдеуге мүмкіндік бар. Алайда бұл қолдауды тек ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендер ғана ала алады. Өткен жылы мұндай төлемді шамамен 294 мың адам алған.