Май мен қантқа бай тағамдар адамның есте сақтау қабілетіне кері әсер етеді. Сидней университетінің ғалымдары жүргізген бірегей зерттеу адамның тамақтану әдеті мен ми қызметінің арасындағы байланысты алғашқы рет дәлелдеді. Ozgeris.info тілшісі ғалымдардың зерттеу нәтижелерін саралап, ел жастарының тамақтану мәдениеті мен асқынып жатқан аурулардың себептерін анықтап көрді.
Аустралияның Сидней университетінде жүргізілген жаңа зерттеу май мен қантқа бай тағамдардың адамның когнитивті (танымдық) қабілеттеріне, әсіресе кеңістіктік жадыға теріс әсер ететінін көрсетті. Бұл – осындай диетаның ми қызметіне әсерін адамдар арасында кеңістіктік бағыт-бағдар арқылы алғаш зерттеген жұмыс. Зерттеу International Journal of Obesity журналында жарияланды.
Ғалымдар жоғары майлы және тазартылған қантқа бай (HFHS) тағамдарды тұтыну мен адамның бірінші жақтағы кеңістіктік бағыт-бағдар қабілеті арасындағы байланысты зерттеді. Бұл қабілет адамның бір нүктеден екінші нүктеге дейінгі жолды үйреніп, есте сақтауын сипаттайды. Ол – ми құрылымындағы гиппокампус атты аймақтың жұмысымен тікелей байланысты.
Гиппокампус – кеңістіктік жады мен жаңа ақпаратты есте сақтау үшін аса маңызды бөлік.
Зерттеуді университеттің психология мектебінің ғылым факультетінің қызметкері доктор Доминик Тран басқарды. Оның айтуынша, жоғары майлы және тәтті тағамдарды жиі тұтыну мидың белгілі бір функцияларына, әсіресе гиппокампус жұмысын зақымдайды.
«Жақсы жаңалық та бар. Жағдайды өзгертуге болады. Диетаны өзгерту арқылы гиппокампустың жағдайын жақсартып, кеңістіктік бағдар алу қабілетімізді қалпына келтіруге болады. Мысалы, бейтаныс қалада адаспай жүру немесе үйге баратын жаңа жолды жаттап алу сияқты процестер жеңілдейді», – дейді доктор Тран.
Зерттеуге 18 бен 38 жас аралығындағы 55 студент қатысты. Олар алдымен арнайы сауалнамалар толтырып, майлы және тәтті тағамдарды қаншалықты жиі тұтынатынын көрсетті. Сондай-ақ, әр қатысушының жұмыс жады (жедел есте сақтау қабілеті) мен дене салмағының индексі (BMI) өлшенді.
Эксперимент барысында қатысушылар виртуалды кеңістіктегі лабиринтке еніп, алты рет қазына сандығын табуға тырысты. Лабиринт түрлі белгілермен қоршалған, олар қатысушыларға жолды есте сақтауға көмектеседі. Әрбір сынақта қазынаның бастапқы және орналасу орны өзгермеді.
Егер қатысушы төрт минут ішінде қазынаны тапса, келесі кезеңге өтеді. Егер таба алмаса, автоматты түрде қазына тұрған орынға жеткізіліп, 10 секунд бойы сол орынды есінде сақтап қалуға мүмкіндік берілді.
Жетінші, соңғы сынақта лабиринттен қазына алынып тасталды. Қатысушылар тек есте сақтау қабілетіне сүйеніп, қазына тұрған орынды көрсетуі керек болды. Нәтижесінде, құрамында май мен қант аз тағамдарды тұтынатын адамдар қазынаның нақты орнын анағұрлым дәл көрсете алды.
«Біз жұмыс жады мен BMI көрсеткішін ескергеннен кейін де, май мен қантты көп тұтыну жетінші сынақтағы нәтиженің сенімді болжаушысы екенін көрсетті», – дейді доктор Тран, Австралиялық ғылыми-зерттеу кеңесінің (ARC) Discovery Early Career Research Award (DECRA) иегері.
Оның айтуынша, бұл нәтижелер дұрыс тамақтанудың ми саулығы үшін маңызды екенін дәлелдейді.
«Біз бұрыннан білетініміздей, тазартылған қант пен қаныққан майларды көп тұтыну семіздікке, метаболикалық бұзылыстарға, жүрек-қан тамырлары ауруларына және кейбір қатерлі ісіктерге әкеледі. Сонымен қатар, мұндай тағамдар орта жаста және егде адамдарда когнитивті функциялардың ерте әлсіреуіне себеп болады. Енді бұл зерттеу тағам мен мидың саулығы арасында жас кездің өзінде-ақ байланыс бар екенін көрсетіп отыр», – дейді доктор Тран.
Ол зерттеуге қатысқан адамдар жалпы халықтың орташа көрсеткішінен сәл денсаулығы жақсы болуы мүмкін екенін де атап өтті.
«Біздің қатысушылар біраз сау болуы мүмкін, ал егер сынақ кеңірек аудиторияда жүргізілсе, тағамның кеңістіктік жадыға әсері одан да айқын көрінетін еді», – деді ол.
Бұл зерттеу дұрыс тамақтану мен ми саулығының арасындағы байланысты тереңірек түсінуге көмектесіп, жастарға да өз рационына жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетеді.
Қазақстанда жастардың тамақтану мәдениеті қандай?
Жастар арасында дұрыс тамақтанбау және артық салмақ мәселесі күннен-күнге ушығып келедідейді мамандар. Бұл тек жергілікті емес, әлемдік зерттеулермен де дәлелденіп отыр.
Статистика бойынша, елдегі әр бесінші бала артық салмаққа немесе семіздікке шалдыққан. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының деректеріне сәйкес, 6–9 жас аралығындағы балалардың 20%-ында артық салмақ немесе семіздік бар. Ұл балалар арасында бұл көрсеткіш — 24%, ал қыз балаларда — 17%.
Қантты сусындарды тұтынуға құмар жастардың саны артып барады. 6–9 жас аралығындағы балалардың шамамен 16,7%-ы күн сайын құрамында қант көп сусындарды ішеді. Бұл 2013–2018 жылдар аралығында мұндай сусындардың өндірісі 25%-ға, ал тұтынуы 13%-ға артқанымен байланысты.
Энергетикалық сусындар — бұл өздеріне оңай зиян келтіретін өнім, бірақ соған қарамастан оларды тұтыну бүкіл әлемде өсуде. 2022 жылы жүргізілген соңғы зерттеулердің бірі энергетикалық сусындарды үнемі тұтынатын жасөспірімдерде мазасыздық пен депрессияның даму қаупі жоғары екенін көрсеткен. Себебі кофеин және басқа стимуляторлар ұйқының сапасын нашарлатып, мидың химиялық тепе-теңдігінде өзгерістер тудыруы мүмкін.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы салауатты өмір салты бөлімінің бас маманы Әсел Адаеваның сөзінше, энергетикалық сусындар балаларға ғана емес, ересектерге де зиянды.
«Олар неврологиялық, жүрек-қан тамырлары бұзылыстарын, депрессияны, когнитивті қабілеттердің төмендеуін тудырады. Біріншісі – кофеин диуретик болғандықтан, бүйрекке күш түсіреді. Сусыздандыру – бұл бүйрекке жүктеме, зәр шығарудың жиі болуына байланысты ағза кальций мен магнийдің көп мөлшерін жоғалтады. Бұл тізбек сияқты бірінен екіншісі шыға береді. Ағзадан кальций, магний, калий шайылып кететіндіктен, ол жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етеді және жұқпалы емес аурулардың, соның ішінде инсульт пен инфаркттың, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының және екінші типтегі қант диабетінің дамуына әкелуі мүмкін. Екінші теріс әсері – құрамында кофеин болғандықтан, мазасыздықтың, қозудың, тахикардияның пайда болуы. Үшінші факторға ұйқысыздық және одан кейінгі жағымсыз әсерлер (оқудағы қиындықтар, зейіннің төмендеуі және т. б.) жатады», – деді спикер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2030 жылы Қазақстанда артық салмақпен өмір сүретін балалар саны 500 мыңға жетуі мүмкін. Әсіресе 11 жастағы ұл балалар арасында жағдай қиын — әр төртіншісінде салмақ нормадан жоғары. Жастар арасында да семіздік көбейіп барады. 2024 жылы Қазақстанда 5522 адамға «семіздік» диагнозы қойылған.Оның ішінде 1669 — 14 жасқа дейінгі балалар, 580 — 15–17 жастағы жасөспірімдер, ал 3273 — 18 жастан асқан ересектер. Бұл көбіне аз қимылдайтын өмір салтымен және фастфудты көп тұтыну, жеміс-көкөніс жетіспеушілігімен байланысты.
Қазақстанда әзірге Австралияда жүргізілгендей кең ауқымды зерттеулер жүргізілмеген. Дегенмен, қазіргі жағдайдың өзінде-ақ май мен қантқа бай тағамдарды шамадан тыс тұтыну — жастардың оқу үлгерімі, зейіні мен есте сақтау қабілетіне теріс әсер ететінін болжауға болады. Бұл әсіресе созылмалы ұйқының жетіспеушілігі, күйзеліс деңгейінің жоғары болуы және ретсіз тамақтану тән студенттер арасында өзекті.
Әйгілі халықаралық нарықтық зерттеулер агенттігі Euromonitor International 2022-2023 жылдың арасында Қазақстандағы азық-түліктің құрамын зерттеп көрді. Коронавирус пандемиясынан соң белең алған денсаулықты күту үрдісі қазақстандықтарды жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтынуға үйреткен.
Euromonitor сарапшылары пандемия кезінде денсаулығы мен иммундық жүйесіне алаңдаған көпшілік қантты тұтынуды азайтқысы келгенін анықтаған. Алайда, әлеуметтік шектеулер алынып тасталған соң, пандемия кезінде сақталған диеталық тәртіптер бұзылған. Ұн және кондитерлік өнімдер жан басына шаққанда бір күнде тұтынатын калория мен қант мөлшері бойынша әлі де алда келеді.
«Азық-түлік пен сусындарды таңдауда ең басты фактор тағамның дәміне тірелетіндіктен, кондитерлік өнімдер, күлше, тәтті тоқаш, ұннан жасалған тағамдар әлі де алда келеді», – дейді сарапшылар.
Дұрыс тамақтанбау әлеуметтік теңсіздік мәселесін тағы да ашық көрсетті. Көптеген ауылдық және қалаларға оқуға келген студенттер тұратын аз қамтылған отбасылар үшін дұрыс тамақтану – қымбат. Бұл әлеуметтік теңсіздікті тереңдетеді. Жағдайы жақсы отбасылардың балалары дұрыс, уақытылы тамақтанып, миын дамытып, жақсы білім алса, аз қамтылған отбасылардың балалары артта қалып отыр.
Мысалы, 2022 жылы жүргізілген зерттеулерде ауылдық мектептерде оқушылардың 30%-ға жуығы күнделікті қажетті қоректік заттарды толық ала алмайтыны анықталған. Бұл олардың физикалық және когнитивтік дамуына кері әсерін тигізеді. Әрине, мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету бағдарламалары бар. Алайда, бұл бағдарламалар барлық өңірлерде бірдей тиімді жүзеге асырылмайды. Ауылдық жерлерде инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен қаржыландыру мәселелері бағдарламалардың толық іске асуына кедергі келтіреді.
Бұл ретте мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен жаңа мектеп мәзірініңстандарты бекітілгенін айта кеткен жөн. Мектеп оқушыларының тамақтануын жақсартуға бағытталған жаңа стандарт 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымдарында күшіне енеді. Бұл құжат Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен, ғылыми негіздер мен халықаралық ұсыныстарға сүйене отырып әзірленді.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәсіл балаларды денсаулық пен дамудың заманауи талаптарына сай келетін теңгерімді, қауіпсіз және пайдалы ас мәзірімен қамтамасыз етуге бағытталған. Көптеген елдердегі тәжірибеге сүйене отырып жасалған бұл реформа тек балалардың физикалық жағдайына оң әсер етумен шектелмей, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге де әкеледі. Атап айтқанда:
- оқу үлгерімін арттыруға,
- зейінділік пен есте сақтау қабілетін жақсартуға,
- болашақта созылмалы аурулар қаупін азайтуға,
- дұрыс тамақтану мәдениетін балалық шақтан бастап қалыптастыруға ықпал етеді.
Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты тамақ сапасын жақсартуға басымдық береді. Бұл – қант, тұз және өңделген өнімдер мөлшерін азайтып, керісінше көкөністер, жемістер, дәнді-дақылдар, ақуыздар мен сүт өнімдерінің үлесін көбейту деген сөз.
Қазақ тамақтану академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, Стандарт талаптарының қатаң сақталуы балалар арасында семіздікті 10-15%-ға, 2-типтегі диабетті 10-20%-ға, артериялық гипертензияны 8-18%-ға, басқа да созылмалы ауруларды 5-15%-ға төмендетуге ықпал етеді.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, енді мектептегі медицина қызметкерлері тамақ сапасын бағалау ісіне белсенді қатысады. Ал Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, мектептегі тамақ сапасын бақылау – басым бағыттардың біріне айналады. Балалар жаппай жиналатын орындардың қауіпсіздігін арттыру үшін мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдері әзірленді. Бұдан былай тексеру жүргізер алдында ескерту берілмейді және мониторингтік тексерулер тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл нысандардың шынайы жағдайын бағалауға және оларды санитарлық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Мектеп тамақтануына қатысты жаңартылған тәсіл Қазақстан халқының денсаулығын нығайту және орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық стратегияның маңызды бөлігіне айналмақ.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру