Жасанды интеллект Қазақстан бюджетін үнемдей ала ма?

Фото: vuzopedia.ru
Цифрландыру Қазақстанға кәдімгідей көмектесе бастады. Биылдан бері еліміз сатып алуларға бөлінетін мемлекеттік қаржыны цифрлік теңге түрінде бөліп, оны таңбалауға көшкен. Цифрлік теңгені жемқорлықпен қолды қылу мүмкін емес. Сондықтан цифрлі теңге жобасы біз үшін алдағы жылдары кемінде 500-600 миллиард теңге үнемдей алатын потенциалға ие дейді экономист Айбар Олжаев.
Одан бөлек, жасанды интеллект көп дүниені автоматтандырып, мемлекеттегі аппараттағы қызметкерлер санын қысқартуға мүмкіндік береді. Болашақта судьяларды, соттардың хатшыларын, заңгерлерді, есепшілерді, салық қызметкерлерін, аудиторларды, бухгалтерлерді мемлекеттік қызметтен алып тастап, олардың орнына электронды, виртуалды қызмет жасауға келеміз.
Бұл шамамен 10 мың адам. Бір жылда бұл 60 миллиард теңге үнемдейді.
Мысалы, судья функциясын біз жасанды интеллектке тапсыратын болсақ, онда соттардың тәуелсіздігі мен әділдігі рейтингінде Қазақстан бірден жоғары өрлеп, тиісінше инвесторлар сенімі артатыны анық.
«Ал 2035 жылдарға қарай министрлер мен әкімдер, депутаттар функциясын жасанды интеллектке беріп, мемлекеттік аппаратта тек 100-200 адам қалатындай қылып жасауға болады. Бірақ ол үшін бізде тәуелсіз дербес кванттық суперкомпьютер мен өзіміз жасап шығарған отандық интеллект болуы тиіс», — дейді сарапшы.
Негізі, Қазақстан ақырындап осыған келе жатыр. Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында елімізде шығындарды оңтайландыру цифрлық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты. Осы ретте Әділет министрлігінің қызметіндегі орынсыз шығындар сөз болған.
«Цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқарту қажет. Нәтижесінде, жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға қатысты», — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында «Цифрлық ассистент» енгізілсе, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» жетілдірілетінін мәлімдеген еді. Сонымен қатар, Қазақстан авторлық құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыруды жоспарлап отыр. ҚР Әділет министрлігі тегін заңгерлік кеңес беретін чат-ботты іске қосуды ұсынды.
«Жасанды интеллект елімізді басқару тиімділігін арттырып, барлық артық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жемқорлықты жоя алады. Тек отанымызағы адам интеллекті жасанды интеллекттен ой-өресі бойынша жоғары тұруы тиіс. Өзіміз дамымай, сырттан интеллект келіп бізді дамытады дегенге сену қиын», — деп аяқтады ойын сарапшы.