«Жан-жаққа кеттік»: Бағлан Әбдірайымов «Жігіттердің» қазір не істеп жүргенін айтты

Фото: massaget.kz

“Жігіттер” тобы арқылы танымал болған әнші Бағлан Әбдірайымов топтың соңғы жаңалықтарын айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Өнер иесі топтың шығармашылығы бәсең екенін мойындады.

“Батыс пен Шығысқа бір-екі концерттерге қатысып келдік. Десек те ол жеткіліксіз. 22 жылдан бері сахнада келе жатырмыз. Бүгінде топтың қарқыны баяу екені жасырын емес. Айдар қыз ұзатып, сүндет тойға арнайы әндер жазып кетті. Одан кейін Шымкентте көшіп кетті. Мырзахан тендер бойынша кәсіп бастап жатыр. Ердос қайырымдылық қорларға қатысып, сол салада жүр. Жан-жақта кеткеніміз рас. Бірақ бұл топ тарады дегенді білдірмейді. Іздейтін халық көп. Айдар әзіл-шыны аралас: “Бөлек кетсек те, қайда кетеміз” дейтін. Сол секілді бірге жүруді жаза берсін. Өзімнің киномның саундтрегін “Жігіттер” тобы орындайды. Өте керемет туындыны жарыққа шығардық деп ойлаймын”, – деді әнші.

Одан кейін өзі де өнерден қол үзгісі келмейтінін жасырмады.

“Бірде Сәкен Майғазиев ағамыздан “Болашақта не істегіңіз келеді?” деп сұрадым. “Әнімді айтып, әдемі қартайғым келеді” деді. Сол кезде түсінбесем де, қазір сөзінің жаны бар екенін ұқтым. Марқұм Ескендір Хасанғалиев ағамыз өмір бойы өнерге қызмет етті. Жақсылық Үшкемпіров ағамыз спортқа жанашыр адам болды. Біз де өнерге қызмет еткіміз келеді”, – деді эстрада жұлдызы.