Жамбыл облысы Қордай ауданының полиция бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, бірнеше ай бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесуге уәде берген танысына жарты миллион теңге бергенін айтып шағымданған.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдіктінің құрбанына айналған тұрғын тек бұл азаматша емес екен.
«Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің 2021 жылы тағы бір азаматшаға тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, 550 мың теңгесін алдап алғаны белгілі болды. Бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жамбыл облысының Полиция департаменті оқуға қабылдауға, жұмысқа орналасуға, жылжымайтын мүлік алуға немесе қандай да бір құжаттарға қатысты делдал болуға уәде берген адамдарға сенбеу қажеттігін қатаң ескертеді. Мемлекеттік қызметтерді тек арнайы мемлекеттік органдарда немесе ресми порталдардан алу керек», – делінген баспасөз релизінде.
ПІКІР ЖАЗУ