Жамбыл облысында тағы бір полицей көз жұмды

Фото: polisia.kz

Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысындағы МАЭС қызметінде полиция қызметкері өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Өңірдің Полиция департаменті ақпаратты растады, деп хабарлайды ozgeris.info порталы.

Қайғылы оқиға 12 ақпанда кешке Жасөркен кентінде болған. Мәліметке сүйенсек, 2003 жылы туған полиция қызметкері табельдік қарудан басына оқ атқан.

Полиция департаменті бұл дерек бойынша «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

«Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.

Айта кетейік, сондай-ақ күні кеше Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы  аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді. Ол Қордай ауданында республикалық маңызы бар тасжолда қызметтік міндетін атқару кезінде жол апаты салдарынан қаза болған.