Алматы қаласы мен Алматы облысында өздерін полицей ретінде таныстырған алты адам ұсталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасай отырып.
Полиция департаментінің дерегінше, күдіктілерден жалған қызметтік куәліктер, процессуалдық құжаттардың үлгілері, формалық киімнің элементтері, оқ-дәрілер, мөрлер, суық қару және түрлі мемлекеттердің мемлекеттік нөмір белгілері табылған.
Тергеу мәліметтері бойынша, олар құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып танысып, қылмыстық жауапкершілікпен қорқыту арқылы бір азаматтың ақшасы мен көлігін иемденген. Келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгеден асқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жалғасуда.
“Біз жәбірленушінің өтінішіне дереу жауап беріп, арнайы шаралар ұйымдастырып, күдіктілерді қолға түсірдік. Алматы полициясы құқық қорғау органдарының айырым белгілерін заңсыз пайдалануға қарсы күресті жалғастырады”, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Мұрат Жұмабаев.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру