Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы тасқын су басу қаупі бар аймаққа жатады.

«1994 жылғы су тасқынынан бері 30 жыл өтті. Қазір алдымен нақты мына ауылды су басады деп айта алмаймыз. Су мүлдем күтпеген жақтан келуі мүмкін. Қазір Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы су басу қаупі бар аймақтарға жатады. 1994 жылғы деректерге сүйенетін болсақ, тасқын су Атырау қаласына Бесікті және Дамбы ауылдары арқылы кіруі мүмкін», — деді Серік Шәпкенов.

Оның айтуына қарағанда, Жайық өзенінде геодезиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мамандар қауіпті учаскелерді анықтайды. Сол тұстарды бойлай жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу, бөгеттер салып, дамбыларды бекіту қажет болады.

«Судың қаупін дұрыс бағалау керек. Оның алдын бөгеуден ешқандай пайда жоқ. Суды Каспий теңізіне құятындай бұру қажет», — деп мәлім етті Серік Шәпкенов.

Фото: ҚР ТЖМ