Қазан айында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» арасында жас ғалымдарға арналған 2023-2027 жылдарға кредиттеу бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге сәйкес, Отбасы банк жас ғалымдарды кредиттеу үшін 5 жылға шамамен 16,6 млрд теңге қаржы бөледі.«Отбасы Банк» мәліметінше, ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған бағдарламаға қатысушы төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін банкке баруы керек. «Отбасы Банк» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай келісімге сәйкес 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың магистр дәрежесіндегі атағы болуы керектігін айтты.
Гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысып жүрген ғалымдар қатыса алады. Ғылыми-зерттеу жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуы тиіс, — деді ол.
Университеттер мен инстиут басшылығы зерттеумен айналысып жүрген ғалымдарына жолдама беріп, банкке жібереді. Шартқа сәйкес олардың 20 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Ғалым банкке келіп, өзінің төлем қабілетін растағаннан кейін үш айдың ішінде пәтер алуға болады.
Басты шарт — ғалымның өз атында немесе отбасы мүшелерінің атында үй болмауы керек.
ПІКІР ЖАЗУ