Қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан ресейлік әріптесі Тина Канделакидің Қазақстандағы теміржол станцияларының атауы өзгеруіне қатысты сынына жауап берді.
Тина Канделаки өзінің Telegram-парақшасында Қазақстанда орыс тілінің қолданылу аясы тым шектеліп жатқанын жазған болатын. Канделаки «Уральск» атауының – «Орал», «Узень» атауының «Жаңаөзен» деп өзгеруі күмән тудыратын шешім екенін алға тартты.
Оның бұл пікіріне Динара Сәтжан жауап қатты.
Қымбатты Тина! Біріншіден, біз тәуелсіз мемлекетпіз. «Есіктен кіріп, төр менікі деме» деген мақал бар. Сондықтан теміржол станцияларына қандай атау беретінімізді өзіміз шешеміз.
Екіншіден, Қазақстан егемен жылдарында кеңестік биліктің салдарынан жоғалтып алған ана тілін қайтарып жатыр.
Үшіншіден, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынасқа арналған ресми тіл, ал қаза тілі – мемлекеттік тіл. Бұл Конституцияда көрсетілген, — деді Сәтжан.
Отандық тележүргізуші теміржол станцияларына тарихи атаулары қайтарылып жатқанын еске салды.
Бұл жерде орыс тілінің қолданылу аясын шектеу дегеннің қатысы қанша? Біз өз елімізде мемлекеттік тілден бөлек орыс және ағылшын тілдерінде де сөйлейміз. Біздің күшіміз осыда! – деп жазды Динара Сәтжан.
ПІКІР ЖАЗУ