Зейнеткер намаз оқымадың деп келіні мен баласы жындыханаға әкеп тастағанын айтты

Әлеуметтік желіде журналист Маржан Рақайдың қарт кісілердің жындыханаға қалай түскені туралы жазылған аянышты жазбасы тарады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ол бұл туралы Facebook желісінде жариялады.

Сіңілім қазір госпрактикасын біз жындыхана атайтын мекемеде өтіп жатыр. Түрлі тағдыр, түрлі жағдайды естіп, жағамызды ұстаймыз.

Мысалы бүгін айтқан жағдай менің ойымнан еш кетпей қойды, басыма сыймады.

Түр-келбеті келіскен, әрекеті, сөзіне қарасаң, психикалық ауытқуы бар адамға еш ұқсамайтын апаймен сөйлескенін айтты. Мұнда ем алу тарихын айтып берген.

“Балам мен келінім дін жолында. Ұлым сақал қойып, балақ кескелі аңдығаны менің намазым болды. Күнде бұйырды. Мен ақыры намазға жығылмаған соң, келінім екеуі осында әкелді. Ақыл-есі дұрыс емес деп тапты. Менің сөзіме сенбесеңдер, әне дәрігерімнен сұраңдар” депті.

“Маржан әпке, басқалар секілді шаштары қоқырап, киімі алқа-салқа емес. Өте ұқыпты кісі екен, аяп кеттім” дейді сіңілім. Құдай аясын оны. Басқа не айтам.

“Әке-шешең жынды болса байлап бақ” деген біздің түсінік қашаннан бері “әке-шешең намаз оқымаса, жындыханаға өткізіп жібер” дегенге ауысып үлгерді”,- деп жазды ол.