Қырғызстанда Алматы облысы, Кеген ауданының әкімі, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевқа ат мінгізді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бішкекте Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Қанатбек Бегалиев (Қырғызстан) пен Нұрбақыт Теңізбаевтың (Қазақстан) құрметіне грек-рим және еркін күрестен «Достық» турнирі өтті. Жарыстың ашылу салтанатында айыр қалпақты ағайындар қонақжайлық көрсетіп, Нұрбақыт Теңізбаевқа ат мінгізді.
«Жарысты ұйымдастырған Қырғыз еліне үлкен алғыс айтамын! Бұндай жарыстар кішкентай балуандарымыздың шындалуына және әлемдік ареналарда ел намысын қорғауға үлкен мүмкіндік береді. Бүгін ыстық ықыласпен қарсы алып жатқан, қырғыз еліне, досым Қанатбекке, жарысты ұйымдастырушы бауырым Анарбекке және бізді қолдап барған әрбір азаматқа мың алғыс! Алдағы уақытта біздің елде де осындай «Достық» турнирі жалғасын табады деп ойлаймын!», – деп жазды Нұрбақыт Теңізбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Нұрбақыт Теңізбаев 2018 жылдан 2023 жылға дейін Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған. Қазір ол Кеген ауданының әкімі болып қызмет атқарады.
ПІКІР ЖАЗУ