Қазақстанда «Яндекс Такси» қызметінің баға қоятын алгоритмі тексерістен өтті. Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Цифрлық даму министрлігі сала сарапшыларымен бірігіп аудит жүргізіп, баға белгілеуде әділетсіз тұстар бар екенін анықтаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Осыдан кейін «Яндекс» өз жүйесіне бірқатар шектеулер енгізуге келісті. Енді такси бағасы қалай реттеледі?
Баға көтерілсе – алдын ала ескерту болады
Енді «Яндекс» тариф немесе жолақыны көтеретін болса, бұл туралы кемінде 3 күн бұрын мемлекетке хабарлауы тиіс. Бұрын бұл өзгерістер кенеттен бола беретін.
Жүргізушілердің табысы әділеттірек болады
Таксидің жол ақысы екі есеге қымбаттаса да, комиссия тек негізгі баға бойынша ғана ұсталады. Бұл жүргізушінің қалтасына көбірек ақша қалуын қамтамасыз етеді. Ең жиі қолданылатын «Эконом» тарифі бойынша комиссияны әр қалада екі жылда бір рет қана көтеруге рұқсат. Яғни баға бірден шарықтап кетпейді.
Қымбатшылық шектеледі
Ауа райы қолайсыз кезде немесе мереке күндері тариф 3 еседен артық көтерілмейді. Мұндай қымбат сапарлар қала ішіндегі барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы тиіс.
Қосымшада бәрі ашық көрсетіледі
Пайдаланушылар такси бағасына қосылған барлық төлемдерді нақты көре алады. 2025 жылдың 30 маусымына дейін қосымшада бағаның толық құрылымы көрсетілуі тиіс.
Жаңа – виртуалды кезек жүйесі
Сұраныс тым жоғары болған кезде (мысалы, жаңбыр жауып тұрғанда), «Яндекс» қосымшасына виртуалды кезек енгізіледі.
Сіз көре аласыз:
– қанша адам такси күтіп тұр,
– кезекке тұрасыз ба,
– әлде басқа тарифті таңдайсыз ба,
– не қоғамдық көлікпен жүресіз бе – таңдау өзіңізде болады.
Демек «Яндекс Такси» енді бағаны қалағанынша көтере алмайды. Баға не үшін өсті, не үшін қымбат – бәрі қосымшада түсінікті жазылады. Жүргізуші де әділетті табысқа қол жеткізеді. Ал жолаушы – әділ баға мен нақты ақпарат алады. Бұл өзгерістер – такси қызметін әділеттірек, ашығырақ етудің үлкен қадамы.
Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру