Владимир Путин қазақ жеріндегі жылы қарсы алу үшін Тоқаевқа алғыс айтты

t.me/aqorda_resmi

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путин қазақ жеріндегі жылы қарсы алу үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

«Сізге үлкен рахмет. Біз дос болып, іскерлік байланыстарды да жоғары деңгейде сақтап келеміз. Барлығы қарқынды дамып жатыр. Біз тұрақты байланыстамыз. Жыл соңында Петербургте өтетін ТМД-ның бейресми кездесуінде және 80 жылдық Ұлы Жеңіс мерейтойына арналған шараларда Сізді күтетін боламын», – деді Владимир Путин.

Ресей президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстардың дамуына тоқталды.

«Бүгінгі келіссөздерге дайындалған бірқатар құжаттар бар: бірлескен мәлімдеме мен түрлі бағыттардағы келісімдер пакеті. Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. Өткен жылы сауда айналымы шамамен 28,5 миллиард долларды құрады. Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі 13 миллиард долларға жетті. Біз азаматтық қоғам, білім беру, ғылым және мәдениет саласындағы байланыстарды дамытуға үлкен мән береміз. Қазақстандық студенттер Ресейдегі шетелдік студенттердің ең үлкен бөлігін құрайды. Біздің аймақаралық әріптестік те табысты дамуда», – деп атап өтті Ресей президенті.

Сондай-ақ, мемлекет басшылары өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ саласы, транзит, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Путин Қазақстанды сенімді дос және жақын одақтас деп атады. Екі елдің стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.