Украина соты экс-президент Виктор Януковичті дезертирлікке арандатқаны және шекарадан заңсыз өткізу ұйымдастырғаны үшін сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты РБК редакциясына сілтеп.
Украинаның Бас прокуратурасы кеңсесіне сілтеме жасаған басылымның хабарлауынша, Украина соты Виктор Януковичті «дезертирлікке арандатқаны және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту ұйымын құрғаны» үшін сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ, Мемлекеттік күзет басқармасы (УГО) басшысының бұрынғы орынбасары – Украина президентінің қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы Константин Кобзарь да сотталды. Ол «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту мен дезертирлікті ұйымдастырғаны» үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Прокурорлар сотта 2014 жылдың 23 ақпанында Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің бұрынғы қауіпсіздік қызметінің басшысымен және Ресей өкілдерімен сөз байласып, әуе жолымен елдің мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткенін, әрі өзіне жақын айналасындағы адамдар мен Мемлекеттік күзет басқармасының әскери қызметшілерінің кемінде 20 адамның шекарадан заңсыз өтуін ұйымдастырғанын дәлелдеді.
Еске салсақ, 2019 жылдың қаңтарында Виктор Янукович «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен сырттай кінәлі деп танылған еді. Ол кезде де сот үкімі сырттай шығарылған болатын, өйткені Янукович 2014 жылы елден қашқан.
Аталған іс бойынша сот процесі 2017 жылдың жазында басталған. Сонымен қатар, 2014 жылғы оқиғалардан кейін Януковичке қатысты өзге де қылмыстық істер қозғалған болатын.
Прокурорлар бастапқыда Януковичті өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған, бірақ кейін талаптарын өзгертіп, 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
2022 жылдың соңында Украинадағы Жоғарғы антикоррупциялық сот экс-президент Виктор Януковичтің барлық мүлкін мемлекет кірісіне тәркіледі. Сот шешімі елдің Әділет министрлігінің талабын қанағаттандыру негізінде қабылданған.
Айта кетейік, Виктор Янукович 2010–2014 жылдар аралығында Украина президенті қызметін атқарған. 2014 жылғы Еуромайдан оқиғаларынан кейін елден кетуге мәжбүр болған.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру