«Ұлымды ұрмаңдар деп жалындым»: Шерзат Полаттың анасы қазан айындағы қанды оқиға жайлы айтты

фото: youtube/SupcourtRK

Талғарда өткен жылдың қазан айында болған қайғылы оқиға туралы марқұм Шерзат Болаттың анасы Гүлбара Бишембиева сотта айтып берді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі NUR.KZ порталына сілтеме жасап.

Айтуынша, оқиға орнына келгенде ол 10-15 адамды, оның ішінде екі қызды көрген. Сол сәтте біреу: «Бастаңдар» деген сөзді айтып, жаппай төбелес басталған.

– Дархан Шерзатқа, ал Абзал Ахметке соққы жасады. Олар Нұрқанат пен Шерзатқа жабылып, ұрып-соға бастады. Абзал әжемді итеріп жіберді, ал мен ұлыма жүгіргенде, Абзал мен Нұрбол мені жібермеді. Оларды тоқтатуды сұрағанда, Абзал: «Үніңді шығарсаң, сені де өлтіреміз», – деп қорқытты, – деді анасы.

Марқұмның анасы дүкен маңында тұрған екі қыздан жедел жәрдем мен полиция шақыруды өтінген, бірақ олар еш әрекет жасамаған.

– Қолымды босатып, Шерзатқа жүгірдім. Сол кезде 7-8 адам оны және Нұрқанатты ұрып жатты. Шерзат шалқасынан құлап түсті, аузынан қан ақты. «Анашым, менде не болып жатыр?» деп сол жақ кеудесін көрсетті. Сол кезде мен пышақ жарақатын көрдім, – деді ол сотта.

Сондай-ақ, Гүлбара Бишембиева сол сәтте Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың не істегенін де баяндады.

– Ол солармен алысып, денесімен Шерзатты қорғады. Бірақ Абзал оны арқа тұсынан пышақтап жіберді, – деді марқұмның анасы.

Судья Ержан Жанұзақов сотталушылар кімдер екенін нақтылағанда, анасы:

– Айыпталушылар орындығында отырғандардың барлығы сол жерде болған, – деп жауап берді.