Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс соттың қарауына жіберілді.
«2024 жылғы 26 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына күдіктілер Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті», — делінген хабарламада.
Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Күдікті Б.Байжановқа Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша аса ауыр қылмысты жасыру және Қылмыстық кодекстің 434-бабы аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 319-бабына сәйкес, судья істі сотта қозғау туралы шешімді 5 тәуліктен кешіктірмей шығарады», — дейді қалалық соттан.
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform
ПІКІР ЖАЗУ