Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қайтыс болған Салтанат Нүкеновамен некесін ресми тіркемеген. Бұл туралы прокурор Айжан Аймағанова мәлім етті.
«2022 жылғы 16 желтоқсанда Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың тойы өтті. Бірақ, олар некесін ресми тіркемеген. Олар азаматтық некеде болған», — деді Айжан Аймағанова күдіктіге қатысты айыптауларды оқи отырып.
Одан бөлек, күдікті азаматтық некедегі әйелінің ұялы телефонын бақылап, қоңыраулар мен хабарламаларды тексеріп отырған. Сондай-ақ, айыптаушының айтуынша, күдікті С. Нүкенованы 2023 жылғы наурыздан бастап жүйелі түрде ұрып соққан. Күдікті Қ. Бишімбаев пен С. Нүкенова арасындағы ұрыс-керіс мейрамханаға бармай тұрып басталған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.
Фото: Kazinform
ПІКІР ЖАЗУ