Ақтау қаласының 17 және 18 шағынаудандарының тұрғындары аялдама мен тротуарлардың жағдайына наразылық білдіруде, деп хабарлайды ozgeris.info.
Жергілікті пабликтерде тұрғындар бұл мәселеге биліктің назарын аударуға тырысып, бірнеше шағымдар қалдырды.
«911.aktau» парақшасында бір тұрғын:
«Бізде 5-6 жылдан бері үйдің артында дұрыс аялдама жоқ, ал тротуарлар өте нашар күйде. Төмен түсуге арналған баспалдақ жоқ. Бұл балалар, арбамен жүрген әйелдер мен қарт адамдар үшін үлкен қиындық туғызуда. Қыста бұл жол нағыз мұз айдынына айналып, жағдайды одан әрі қауіпті етеді. Балам осы жерде самокатпен жүріп, құлап, жарақат алды. Тіпті үлкендерге өту қиын! Неге қарапайым аялдама мен баспалдақты жасау мүмкін емес? Тиісті органдардан осы мәселені шешуді сұраймыз!» – деп жазды.
Басқа тұрғындар да бұл мәселені қолдады. Олар акиматтың тұрғындардың шағымдарына мән бермейтінін айтып, жауапкершілікті талап етуде.
«Неге акимат тұрғындарды естімейді? Бұл құрылыс нысандарын кім қабылдаған? Енді жауап берсін!» – деп жазды тағы бір қолданушы.
«Қыста мұнда көктайғақ болады, адамдар «аялдамаға» қалай түспек?», – деп алаңдайды тұрғындар.
Бұдан бөлек, 18 ықшам ауданының басқа бөлігінде де аялдаманың жоқ екені айтылды. «Бұл бардақтың жалғасып келе жатқанына неше жыл болды. Лестница да жоқ, жағдай нашар», – деп қосады тағы бір азамат.
Тұрғындардың пікірінше, қала билігі осы мәселені шешіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін шұғыл шара қолдануы қажет. Қазіргі уақытта Ақтау акиматы бұл мәселеге қатысты пікір білдірген жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ