«Туыстары мен ауылдастары жабылып, мүгедекті зорлаған»: 24 жасар жігіттің ісіне қатысты тың дерек шықты

Түркістан облысында 24 жастағы мүгекдігі бар жігіт жылдар бойы адам айтқысыз қорлық көрген. Оны өз туыстары мен ауылдастары зорлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Almaty.tv тілшісі хабарлауынша, жәбірленуші тараптың қорғаушысы қылмыс жасады деп күдікке ілінгендердің бостандықта жүргенін айтты. Сондай-ақ істің Қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни «жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркек пен еркектің жыныстық қатынасы» бойынша қозғалғаны мәлім болды.

«Жәбір алған жігіттің денсаулығы қалыпты. Осы оқиға бойынша анасына жауап бергенде кім тиіскенін, қалай, қашан тиіскенін, қай жерде анық-қанық айтып отыр. Бір айдан кейін экспертиза, қорытынды дайын болғаннан кейін әрі қарай тергеу амалдары жүргізіледі, – деді қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Гулайхан Тұрсуманова.

Ал полиция күдіктілерден жауап алынғанын айтты. Өзге мәлімет жарияланбады.

«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер 6 жергілікті тұрғынды жеткізіп, жауап алды. Тиісті сараптамалар тағайындалды және жедел тергеу шаралары жалғасып жатыр», – деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Баласының зорланғанын айтып, әділдік іздеген ананың өзі бүгінде қысымға ұшырап отыр. Өзінің сөзіне сенсек, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар оны арызын қайтарып алуға мәжбүрлеген көрінеді. «Ауылдан кетесің» деп қорқытқан. Алайда ұлының болашағына алаңдаулы әйел істің заң аясында қаралып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.