Түркістанда 30 млн теңгеге жөнделген тарихи мұнара құлады

Фото: novosti.karaganda

Түркістан облысында Қаратау тауының басындағы Ақбикеш мұнарасы жауапты тұлғалардың салғырттығынан опырылып түсті. Жөндеу жұмыстарының сапасыз болуынан 4 жыл ғана шыдас берген тарихи ескерткіш енді жоғалып кету алдында тұр.

Аталмыш мұнара 6 ғасырдан астам уақыт бойы тау басында жаңбырда да, дауылда да тұрған. Жергілікті тұрғындар мәдени ескерткіш реставрацияға шыдамаған деп есептейді.

Түркістан облысының әкімдігі 2020 жылы өткізілген рестарвация жұмыстарының сапасына шағым болмағанын айтып ақталды. Ал жергілікті тұрғындар жөндеу жұмыстарының қалай болса солай өткізілгенінен енді тарихи ескерткіш жоғалып кету алдында тұрғанын айтып наразылық білдіруде.

«Ұзақ уақыт бойы қылт етпей тұрған ескерткіш енді жаңбырлы ауа райына шыдас бере алмай қалды. Күзет мұнарасы Ұлы Жібек жолын бақылау үшін 14 ғасырда салынған. Ежелгі бірегей ескерткіш Қаратау тауының басында орналасқан, аңыз бойынша Ақбикеш деген сұлудың аты берілген. Ежелгі сәулетшілер кірпішті қалай біріктіргені күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр», — дейді Шалқар Назарұлы.

2019 жылы бұл ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарын жасаймыз деп шешкен. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, басында басқа өңірлердің жұмысшыларын жұмысқа тартқан, олар қашып кеткен соң, осы жергілікті ауылдың адамдарын шақыртқан. Сол себептен мұнара ұзаққа шыдамай, бұзылды. Мердігер өзін ақтап, жұмысқа тек кәсіби мамандар тартылғанын, онымен қоса сауран даласының балшығы қолданылғанын алға тартып отыр.

Тарихи ескерткішті қалпына келтіруге 30 миллион теңге бөлінген. Енді оқылықты жақын арада қалпына келтіреміз деп уеде беріп отыр.
«Учаскені қалпына келтіру жобаның авторлық шешімдерімен бірге толық тексеруден және нақты шешімдерден кейін жүргізіледі. Нысанды қалпына келтіру филиалдың өз қаражаты есебінен жүргізіледі», — деп жауап берді «Қазреставрация» РМК Қызылорда филиалының директоры Нұрболат Мұратбеков.