Ақтөбеде «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Туризмді бірге дамытайық» тақырыбында пленарлық отырыс өтті.
Оған Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасының Туризм бөлімінің, өңірдегі туристік агенттіктердің өкілдері, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің туризм мамандығы бойынша оқитын студенттер қатысты.
«Visit Aktobe» ішкі туризмді дамыту мақсатында бірқатар танымдық, мәдени игі шараларды ұйымдастырып келеді. Соның бірі – өңірде бұрын-соңды болмаған экспедиция. Бір аптаға созылған шара барысында экспедиция қатысушылары Ақтөбе облысының Хромтау, Қарғалы және Байғанин ауданындағы көпке белгілі және белгісіз жерлерді аралап, видеоблог түсірді. 17 минутқа созылған видеоблогта жоба авторлары барынша тылсым сұлу табиғатты, киелі орындарды түсіріп, олардың тарихын қамтыған.
Бүгінгі пленарлық отырыс аясында «Aktobe Visit» туристік ақпараттық орталығы облыс туризмінің дамуына барынша үлес қосатынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Пікірлерін білдіріп, спикерлерге сұрақтарын қойып, жауабын алған қатысушылар орталықтың алға қойған жоспарларының болашақта жүзеге асатынына сенім білдірді.
ПІКІР ЖАЗУ