Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) президенті Александер Чеферинді қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы ұйымның Қазақстанға көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Футбол — бұқаралық спорт
Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде 1 миллионнан астам адам футболмен айналысады. Бұл – спортпен шұғылданатын халықтың 13 пайызы. Осы арқылы футболдың кең таралған, бұқаралық спортқа айналғанын көруге болады.
Футбол экожүйесін жетілдіру
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық футболдың дамуында бірнеше маңызды бағыттарға тоқталды:
- тұрақты және нарық талаптарына сай бизнес модель қалыптастыру қажет;
- клуб менеджментін дамыту маңызды;
- UEFA-мен білім беру мен тәжірибе алмасу бағдарламаларын қолдау керек. Бұл бастама мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
UEFA қолдауы жалғасады
Александер Чеферин өз кезегінде Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты. Сондай-ақ UEFA мен Қазақстан футбол федерациясы арасында тұрақты және сенімді байланыс орнағанын атап өтті.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру