«Токио олимпиадасынан басталған тоқырауды кім тоқтатады? Қазақ спорты құрдымға кетті — сарапшы

Фото: olympic.kz
Қазақ спортының құрдымға қарай құлдилап бара жатқанына тағы куә болдық деп жазды журналист Диас Нұрақын.
Қысқы Азиада ойындарында небәрі төрт алтын бұйырды. Бұл біздің команданың ең нашар көрсеткіші.
Бұрынғы Азия ойындарында біз кемі тоғыз алтын алатынбыз. Енді ондай батпан құйрық бола бермейтін сияқты.
«Токио олимпиадасынан басталған тоқырауды кім тоқтатады? Су жаңа спорт министрі жұмысын сұмдық белсенді бастап еді. Бірақ сөз бен іс қабыспай тұр әзірге. Харбинге барған 200 делегаттың қатарына біздің шаңғышы-журналистерді қоса салса, кемі бір алтын әкелер едік. Қарт құрлықтың қасқырларын қар (шаң) қаптырғанда, өзбек пен тәжіктен жеңіледі дейсің бе?», — деп жазды ол.

 

Айта кетейік, биылғы Азиадада Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

 

Ел қоржынына алтын жүлдені биатлоннан жекелей сында өнер көрсеткен Владислав Киреев, фристайл-акробатикадан синхронды секіруден, шорт-тректен және хоккейден ерлер құрамасы салды.

 

Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 137 атлеті 6 спорт түрінен 10 дисциплинада сынға түсті. Харбиндегі дүбірлі додада жалпы 9 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінді.

 

Келесі қысқы Азия ойындары 2029 жылы Сауд Арабиясында өтеді.