Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мәслихат депутаттарының форумында өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдыратынын жария етті. Оның айтуынша, жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мемлекет басшысы қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары екенін баса айтты.
«Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет», – деді президент.
Оның айтуынша, әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек.
«Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді.
«Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ПІКІР ЖАЗУ