Ақорда резиденциясында 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Сенім грамоталарын Моңғолия елшісі Дорж Баярхуу, Грекия елшісі Эфталия Какиопулу, Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман, Марокко елшісі Мухаммед Рашид Маанину, Канада елшісі Алан Уилфред Хэмсон, Израиль елшісі Эдвин Натан Ябо Глусман, Мажарстан елшісі Отто Иван Рона тапсырды, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, еліміздегі игі міндеттерін орындау барысында оларға Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Үкіметі тарапы жан-жақты қолдау көрсететінін және көмектесетінін айтты.
Мемлекет басшысы 2022 жылдың тарихи дата, яғни Қазақстан мен олардың елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы екенін атап өтті.
– Осы жылдар ішінде біз барлық сала бойынша жан-жақты серіктестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қойдық. Бұл бағыт тұрақты саяси диалогты, қарқынды экономикалық ықпалдастықты және белсенді гуманитарлық байланыстарды қамтиды. Ең бастысы, біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа, ортақ құндылықтарға және өзара қолдау көрсетуге негізделген, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл биылғы жылдың алғашқы күндері ішкі және сыртқы деструктивті күштер Қазақстанға ауыр әрі қатыгездікпен шабуыл жасағанда анық көрінді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың табандылығы мен ұжымдық парасаттылығының арқасында мемлекеттік төңкеріс жасаушыларға тойтарыс берілгенін, ал бүлікшілер мен бұзақылардың жауапқа тартылғанын жеткізді.
– «Қаңтар оқиғасынан» кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ПІКІР ЖАЗУ