Жаз айларында теңгенің әлсіреуі – күтпеген жағдай емес. Бұл құбылыс жыл сайын қайталанып отырады. Экономика тілінде мұны маусымдық фактор дейді. Бірақ биылғы жағдайдың өз ерекшеліктері бар. Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Әбуевтің айтуынша, жаздың ортасына дейін теңге тағы да біраз әлсіреуі мүмкін, ал доллар керісінше — 530 теңгеге дейін нығаюы ықтимал. Сарапшы осы болжамының нақты себептерін түсіндіріп өтті, деп жазады Ozgeris.info.
Айтуынша, біріншіден, бұл – маусымдық үрдіс. Жыл сайын жазда экономикада бірқатар шығындар қатар жүреді: шетелдік акционерлерге дивиденд төлеу, сыртқы қарыздарды өтеу, сондай-ақ халықтың демалыс маусымына байланысты шетелге жиі шығуы. Демек елімізден көп мөлшерде шетел валютасының сыртқа кетеді. Ал теңгеге сұраныс азайып, керісінше доллар сұранысқа ие бола бастайды. Нәтижесінде, теңге арзандайды.
Мамыр айында бюджетке төленетін салықтар теңгеге біршама қолдау көрсету көрсетуі мүмкін. Бірақ сарапшы бұл жолы оның әсері әлсіз болады деп отыр. Себебі ақпан айында бұл фактор теңгеге жақсы демеу болған еді, ал қазіргі жағдайда сыртқы қысым тым жоғары. Оған қоса мұнай бағасының төмендеуі де теңгеге оңай соққы емес. Мұнай – Қазақстанның негізгі экспорттық өнімі. Оның бағасы түссе, еліміздің кірісі де азаяды, ал бұл валюта нарығына бірден әсер етеді. Үстіне Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қарым-қатынасының жақсаруы да қосылды. Бұл жаңалық жаһандық нарықта доллардың күшеюіне себеп болды.
Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер теңгеге тұрақтылық беріп отыратыны әмбеге аян. Алайда сарапшының айтуынша, бұл да қазір айтарлықтай әсер ете алмайды. Мамырдағы шетел валютасын сату көлемі сәуірмен шамалас болмақ. . Яғни, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Сәуірде сатылған валюта көлемі 1,4 млрд доллар болған. Бұл – үлкен сома. Соның өзінде теңге бір айда 2,5 пайызға әлсіреді. Сарапшы мұны өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырып отыр. Ол кезде де Ұлттық банк нарыққа араласқанымен, теңге сыртқы факторлардың қысымынан құтыла алмаған еді.
Бүгінде Ұлттық банк теңге бағамын біршама тұрақты ұстауға тырысып жатыр. Бірақ сарапшылардың сөзіне сенсек, бұл оның басты мақсаты емес. Нарықты мүлде еркін жібермей, аса құбылмауына ғана күш салады. Сондықтан, жаз айларында теңге бағамының құбылып тұруы – заңды құбылыс.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру