Сәуір айының соңына қарай доллардың бағамы 512 теңгеден асып, теңге тағы да әлсіреді. Бірақ Ұлттық банк бұған алаңдаулы емес. Бәрі нарық заңымен болып жатыр дейді. Ресми дерек бойынша, теңге 1,6%-ға құнсызданған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Доллардың қымбаттауына бір ғана себеп жоқ. Бірнеше фактор жиналып, теңгенің белін сәл иіп тұр. Мысалы, сәуірде Қазақстан қор биржасында (KASE) күн сайын орта есеппен 246 миллион доллар саудаланған. Жалпы бір айда 5,4 миллиард доллар өткен. Бұл нарықтың қыз-қыз қайнап жатқанын көрсетеді. Оның ішінде Ұлттық банк Ұлттық қордан 968 миллион доллар сатқан. Неге? Себебі республикалық бюджетке ақша керек. Осылайша, күн сайын шамамен 44 миллион доллар нарыққа түсіп отырған. Бұл – жалпы сауданың 18 пайызы.
– Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Ұлттық банк сәуірде валюталық интервенция жүргізген жоқ. Өткен айдың қорытындысы бойынша, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 308 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығындағы сату процесін екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жалғастырып келеді, – деп жазылған бас банк хабарламасында.
Мамырда да осындай сценарий қайталануы мүмкін. Ұлттық банк 950–1050 миллион доллар көлемінде валюта сатады деп отыр. Бұл – алдын ала жоспарланған “айналым”. Ақша теңгеге ауыстырылып, бюджетке аударылады. Бірақ бұл валютаның бағытын өзгертпей қоймайды. Себебі валюта көптеп сатылса да, нарықтағы сұраныс теңгеден гөрі долларға қарай ауып тұр.Зейнетақы қоры да бұл қозғалыстан шет қалмады. БЖЗҚ активтерінің 40%-ы валютада болуы керек. Сол себепті сәуірде Ұлттық банк 250 миллион доллар сатып алды. Яғни, бір қолымен доллар сатып, екінші қолымен қайта жинап жатыр.
– БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық банк сәуірде биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 250 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 5%-ын құрады. Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде ұзақмерзімді кезеңде нақты кіріс алуды және оның сақталуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Осыған байланысты валюта нарықтық конъюнктураға байланысты сатып алынады. Бұл ретте, осы мақсатта мамырда валютаны сатып алу көлемі 250 млн АҚШ долларынан аспайды, – делінген хабарламада.
Ұлттық банк бұл әрекеттердің бәрін “нарыққа бейтарап түрде жасап отырмыз” дейді. Яғни бағамға тікелей қысым жасамаймыз, жай ғана қажет болғанда сатып, қажет болғанда алып отырамыз. Валюталық интервенция болған жоқ деп ресми мәлімдеді. Сонымен қатар «айналу операциясы» аясында сәуірде 213 миллиард теңге нарықтан алынып, орнына валюта сатылды. Мамырда да осы сома қайталанады. Бұл – инфляцияны ауыздықтауға бағытталған амал. Жалпы, Ұлттық банк түсіндіру жұмысын ғана күшейтіп отыр. “Теңге неге әлсіреп жатыр?” деген сұрақ туындаса, жауап дайын: әлемдік нарықтар, салық кезеңдері, геосаяси жағдай, ішкі сұраныс – бәрі әсер етеді…
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру