Техникалық білімі бар қазақстандықтардың көп бөлігі сауда саласында жұмыс істейді

Қазақстандықтардың техникалық білімі бар көп бөлігі сауда саласында жұмыс істейді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Қошербаев сенатта мәлімдеді.

Ел экономикасында жалпы 2,4 млн азамат жұмысшы мамандықтарында еңбек етеді. Соңғы 10 жылда техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылардың үлесі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 49%-ына жетті.

«Бүгінде техникалық және кәсіптік білімі бар мамандардың ең көп шоғырланған салалары – сауда (856 мың адам, шамамен 61%) және өнеркәсіп (675 мың адам, 63%). Ауыл шаруашылығында 559 мың, көлік саласында 419 мың адам жұмыс істейді», – деді Қошербаев.

Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары арасында ең жоғары жалақы өнеркәсіп (588 мың теңге), қаржы (531 мың теңге) және көлік (403 мың теңге) салаларында тіркелген.