Әлеуметтік желіде диванды тегін бергісі келген Астана тұрғынының видеосы қызу талқыға түсті. Сөзінше, диванды алмақ болған адамдар жиһазды жеткізіп беруді де сұраған.
Үш баланың анасы Маржан мен оның күйеуі астанада пәтер жалдап тұрады. Әрі жаңа үй салып жатыр екен. Жақында үйді жалға берген әйел диванды ауыстырып бермек болыпты. Маржанмен ақылдаса келе пәтер иесі диванды тегін беру туралы шешімге келген. Алайда жиһазды алғысы келетіндерге өздері алып кетуді талап еткен.
Маржан диванды тағы бір рет тазартқанын айтады. Тұрғын үй кешенінің чатында хабарлама жариялағанда адамдар қоңырау шалып, диванды суретке түсіріп жіберуді сұрапты. Ең соңында ер адамға жиһазды беруге келісіпті. Алайда қоңырауға жауап бермеген ол тек кешке хабарласып, диванды үйге дейін жеткізіп беруді сұраған. Маржан диванды жеткізу құнын төлеуді бас тартқан. Келесі жігіт те жиһазды үйіне дейін жеткізіп беруді талап етіпті.
«Диванның жағдайы жақсы. Адамдарға керек болады деген оймен тегін бергіміз келген. Нені дұрыс жазбадым? Мен диванды тегін беретінімді, бірақ жеткізу құнын өздері төлейтінін нақтыладым. Бірақ адамдардың бұлай басынуы шектен шыққандық деп білемінн. Жақсы диван береміз, кем дегенде 5 жыл пайдаланады. Бәлкім, бір нәрсені дұрыс жасамаған шығармын», – дейді Маржан.
Ал желі қолданушылары видео астына пікір қалдырып, осындай жағдайға тап болғанындарын жарыса жазды.
«Шкаф-купені тегін бергенмін, бірақ сонша сурет сұратты. Соңында сатамын деп едім, 15 мың теңгеге бірден алып кетті», «Сатамын деп жазыңыз, сонда тез алады», «Тегін дүниенің құны жоқ», «Керек адам өзі-ақ алып кетеді», – деп жазды желі қолданушылары.
ПІКІР ЖАЗУ