Тазалық па, әлде ысырап па? Есіл ауданы әкімдігі миллиардтарды қайда жұмсап жатыр?

фото: pzmi59.ru

Астана қаласының Есіл ауданы әкімдігі 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында 35 миллиард теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алулар өткізген, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі Arasha.kz басылымына сілтеме жасап.

Arasha.kz мәліметінше, сатып алулардың негізгі бөлігі қаланы тазалау, көгалдандыру, урналарды орнату және мерекелік безендіру сияқты қызметтерге бағытталған.

Ірі келісімшарттар:

  • «Астана Тазалық» – 13,1 млрд теңге (қаланы және ғимараттарды тазалау);

  • «Астана-Зеленстрой» – 9,3 млрд теңге (жасыл желекті күтіп ұстау);

  • «NEW LEVEL» – 1,1 млрд теңге (мерекелік безендіру);

  • «KAIDAR GROUP» – 1,0 млрд теңге (аудан аумағын тазалау);

  • «Куат и А» – 772 млн теңге (абаттандыру жұмыстары).

Диаграмма: arasha.kz

Қайталанған сатып алулар мен құрылтайшылар

Порталдың жазуынша, бірдей сипаттағы кейбір қызметтерге бірнеше рет тендер жарияланған. Мәселен, ғимараттар мен аумақтарды тазалау бойынша сатып алулар бірдей сипаттамамен бірнеше рет өткізілген. Бұл келісімдер түрлі компанияларға берілгенімен, сипаттамасы ұқсас.

Сондай-ақ, урна орнату мен жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 80 млн теңгеден асқан. Мерекелік безендіруге, баннерлер мен жарықтандыруға 144 млн теңге қарастырылған.

Arasha.kz мәліметіне сәйкес, ең көп ұтқан компаниялардың қатарында «KAIDAR GROUP» ЖШС бар. Оның құрылтайшысы ретінде 2006 жылы туған азаматша көрсетілген. Сонымен қатар, бірқатар компаниялар жиі бірге конкурсқа қатысып, жеңімпаз және екінші орын иегері ретінде қайталанып отырған.

Сарапшылар не дейді?

Мамандар мұндай жағдайларда бюджетті тиімді пайдалану мен ашықтықты қамтамасыз ету үшін бақылау күшейтілуі қажет екенін айтады. Мемлекеттік сатып алуларда бәсекелестік пен айқындық сақталуы – маңызды талаптардың бірі.