«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында 2,9 трлн теңге қарызын өтеуіне барлық мүмкіндігі бар. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
«Компания 2020 жылдан бері тиімді және әр жыл сайын таза пайда тауып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қортындысы бойынша 134 млрд теңге таза пайда тапты, яғни «ҚТЖ» компаниясы өзінің алдындағы қарызын өтеуге үлкен мүмкіндігі бар. Болашақта магистральдық жүйені алу оның қарызына немесе берешегіне байланысты емес. Біз «ҚТЖ»-ны әрі қарай дамыту мақсатында желіні екі кезеңге бөліп, бірінші кезеңде компанияның ішінде «ҚТЖ»-ға тікелей еншілес жеке заңды тұлға ретінде бөлеміз деп жоспарлап отырмыз. Екінші кезеңде мемлекетке алып, «ҚТЖ» тек қана тасымалдаумен айналысады, желі жол сияқты оның үстінде ертең жеке тасымалдаушылар жа жүретін болады. Қазір біз анық шешім қабылдаған жоқпыз», — деді ведомство басшысы.
Журналистер тиісті магистральдық желі Көлік министрлігіне беріле ме деп сұрады.
Марат Қарабаев бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты.
Тілші «Неге Әлихан Смайылов дефолт деп отыр?» деп нақтылады.
«Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы бойынша «ҚТЖ» компаниясының ішкі қарыздары мен оны төлеу мәселелері талқыланды. Менің айтып отырғаным жалпы «ҚТЖ» 2020 жылдан бастап таза пайда тауып отыр. Былтыр рекордтық 134 млрд теңге пайда тапты. Алдағы 2,9 трлн теңге қарызын өтеу үшін оның барлық мүмкіндігі бар», — деп толықтырды Көлік министрі тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айта кету керек, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясы қарызға батқанын айтқан болатын.
ПІКІР ЖАЗУ