Ұлттық құрылтайда Президент инфрақұрылымды дамытуды баса айтта. Бұл ретте көлік саласын зерттеп жүрген журналист Азамат Ерғалиев сүйінші жаңалықпен бөлісті.
«Мен Арқалықта туып-өстім. Шынымды айтсам, біздің қала ауқымды мемлекеттік жоспарларда жиі аталатын елді мекендер қатарында емес екеніне үйреніп кеткем. Менің қаламның болашағы бұлығыр еді. Айтылатыны тек жабылып қалған кен орны, елден көшкен халық жайлы болатын. Алайда құрылтайдағы жаңалықты естіп төбем көкке жетті», — деп жазды журналист өзінің Facebook парақшасында.
Ұлттық құрылтайда Президент Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша трасса салынып, оның Транскаспий халықаралық дәлізіне қосылатынын мәлімдеді.
Бұл жобаның қаншалықты ауқымды және әлеуеті зор екенін жақсы білетін маман жағымды болжам жасады.
«Бұл жай ғана жаңа жол емес. Бұл Арқалықтың Қытай мен Еуропаны Қазақстан арқылы байланыстыратын жаһандық көлік дәлізінің бір бөлігіне айналу мүмкіндігі. Және бұл бүкіл өңірдің тағдырын өзгерте алатын тарихи қадам», — деп жазды ол.
Бұл шешім Қазақстанға не береді?
Біріншіден, Арқалық әлемдік логистикалық маршруттың бөлігіне айналады. Бұл өңір енді картадағы жай нүкте емес. Ол әлемдегі ең ірі нарықтарды байланыстыратын магистраль бойындағы маңызды тораптардың біріне айналады. Бұл дегеніміз инвестициялар тартылып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуына әкеледі.
Екіншіден, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Жол салу – тек асфальт төсеу ғана емес. Бұл – жүк терминалдары, логистикалық орталықтар, сервистік кәсіпорындар. Әуежайдың қайта іске қосылуы бұл шараны одан әрі күшейтеді.
Үшіншіден, қала қайта жаңғырады. Экономикасы бар қаланың болашағы да бар. Адамдар елден көшпей, олар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ал Торғай өңірінің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін ескерсек, жаңа жол тек Арқалықтың ғана емес, бүкіл аймақтың дамуына серпін береді.
Жоғарыда аталып өткен жағымды болжамдарды айта келе, журналист бұл жобаның іске асуы қаншалықты шынайы екендігін де атап өтті.
«Арқалықта айтылып, орындалмай қалған уәделерді көп көрдік. Бірақ бұл жолы қаламыз елдің стратегиялық даму жоспарына енгізілді. Бұл енді жай ғана «болашақтағы жобалар» емес. Бұл Қазақстанның көлік картасын өзгертуге бағытталған нақты қадамдар», — деп қосты журналист.
Президент 2025 жылы Арқалыққа баруды жоспарлап отыр. Сол уақытқа дейін айтылған уәделердің шынымен жүзеге асқанын қала тұрғындары сезінеді дейді сарапшы.
ПІКІР ЖАЗУ